Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 213,1 мың тоннаны құрады. Саланың барлық өнімдері бойынша өсім байқалады. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Министрлік жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту бойынша бірқатар шара қабылдауда, бұл жыл соңына дейін 628,3 мың тонна мұнай-газ-химия өнімін шығаруды немесе өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 75% өсімді құрайды. Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – елдің экономикалық өсімінің негізі.
«Министрлік осы бағытта кешенді жұмыс жүргізіп жатыр, оның ішінде 2029 жылға дейін шамамен $14,3 млрд-қа 5 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жобаларды іске асыру экономиканың жыл сайынғы өсімін 1,5%-ға жеткізіп, 20 мыңға жуық жұмыс орнын, оның ішінде құрылыс кезеңінде 17 мың және пайдалану кезеңінде 3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді министр.
Оның айтуынша, осы жылдың өзінде қуаты 340 мың тоннаға дейін бутадиенді және оның туындыларын өндіру жөніндегі жобаның құрылысы басталады, сондай-ақ қуаты 1,2 млн тонна полиэтилен жобасы бойынша ел тарихындағы ең ірі жобалардың біріне қатысты инвестициялық шешім қабылданады. Мұнай-газ-химия саласы жоғары мультипликативті әсер беретіні белгілі – полимерлі шикізат жаңа өндірістерді дамыту үшін негіз болады. Осыған байланысты осы саланы дамыту бойынша жүйелі тәсілдер талап етіледі.
Аталған міндетті шешу үшін Министрлік осы жылдың маусым айында «Мұнай-газ-химия өнеркәсібін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған жол картасын» бекітетін болады, онда шикізатпен қамтамасыз етуден бастап түпкілікті өнім шығаруға дейінгі іс-шаралар қамтылады. Сонымен қатар мұнай-газ-химия саласын ынталандыру және қолдау мақсатында «Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы» заңды әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр.
«Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 5,9 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,4%-ды құрады. Мұнай өнімдерін өндіру 4,28 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94%-ды құрады», — деді спикер.
Қазіргі уақытта нарықтағы мұнай өнімдері өндірісінің жағдайы мынадай:
-
мұнай өңдеу зауыттарындағы, мұнай базалары мен жолдардағы дизель отынының жиынтық қорлары 612 мың тоннаны құрайды немесе 38 күнге, Аи-92 – 352 мың тоннаны немесе 30 күнге, Аи-95 – 86 мың тоннаны немесе 30 күнге жетеді, қорлар жанар-жағармай өндіруге және өңірлерден өтінімдер беруіне қарай толықтырылады;
-
мұнайды қайта өңдеу тереңдігі және жеңіл мұнай өнімдерін өндіру 85-87%-ға дейін ұлғайтылды;
-
5 мамырда Шымкент мұнай өңдеу зауытында жоспарлы күрделі жөндеу аяқталды, зауыт штаттық режимде жұмыс істейді;
Осылайша, 2023 жылмен салыстырғанда жанар-жағармай материалдары нарығындағы жағдай жақсарды.
Сонымен қатар саланы кеңейту есебінен мұнай өнімдерін өндіруді арттыру бойынша мынадай жоспарлар бар:
-
Ақтау битум зауыты 1-1,5 млн тоннаға дейін;
-
Шымкент мұнай өндеу зауыты 6-12 млн тоннаға дейін;
-
Атырау мұнай өндеу зауыты 5,5-6,7 млн тоннаға дейін;
-
Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-8 млн тоннаға дейін.
Аталған жобаларды іске асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарының өсіп келе жатқан қажеттілігін 100% қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді.
«ҚазАтомӨнеркәсіп» құрамына кіретін «Үлбі металлургия зауыты» энергетикалық реакторлар үшін уран оксиді ұнтақтары мен отын таблеткаларының өндірісі бойынша қызметтер көрсетеді, сондай-ақ құрамында уран бар қиын алынатын материалдарды қайта өңдейді.
«2024 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 79 тонна уран өнімі шығарылды, оның ішінде таблетка түрінде – 76 тонна, ұнтақ түріндегі уран диогсиді – 3 тонна. 2021 жылдан бастап «Үлбі-ТВС» зауыты Қытайдың атом электр стансасы үшін жылу бөлетін жинақтар өндіру бойынша өндірістік қызметін бастады. 2024 жылғы бірінші тоқсан бойынша Қытайдың атом электр стансаларына 76 жылу бөлетін жинақ жеткізілді», — деп түйіндеді сөзін Алмасадам Сәтқалиев.