Қолжазбалар құндылығы

Қолжазбалар құндылығы
Ежелгі шығыс елдерінде кітапты қолжазба түрінде көшіріп тарату дәстүр саналған. Бұрынғы өткен бабаларымыз мыңдаған мұраларды былғарыға, бұзау терісіне, қайыңның қабығына, алуан түрлі қағаздарға жазып, сақтап келгені тарихтан белгілі. Бұл жазбалар баспа ісі дамымай тұрған кезде ел-елге таратылып, халықтың сауатын ашуға, өткенінен мәліметтер алынуына септігін тигізген.
Сондай-ақ, қазақ халқында да өзінің жазба мәдениетінің қолжазба-мұраларын зерттеушілер, жинаушылар көп болған. Егер олар осы мұраларды дер кезінде жинамағанда, көптеген ойшылдардың еңбегі жоғалып кетуі де мүмкін еді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кітапханасында бірнеше ғасырлық жазба мұралар сақталған деген деректер бар. Алайда Кеңестік дәуірде тамыры дінмен байланысқан орындарды қараусыз қалған кезде немесе қасақана құрту кезінде мұндағы бай мұрамыз басқа орындарға көшіріліп, өртеліп, жоғалып, ұстағанның қолында кетті. Осындай кемшіліктің орнын халқымыздың ардақты ұлы Өзбекәлі Жәнібеков орнына қайта келтірді десек болады. Себебі, Өзбекәлі Жәнібековтің жанкешті еңбегінің арқасында 1978 жылы бабамыздың қасиетті кесенесі «Әзірет Сұлтан» музейі болып құрылды. Сол уақытта халықтың қолында сақталған барлық көне мұралармен қатар, жазба ескерткіштерді де жәдігер ретінде қайта жинақтау басталды. Халықтың қолдауымен 1977-78 ж.ж. көптеген жазба ескерткіштер жинақталды. Көпшілік ол кезде заттарды музейге сатпастан, шын ықыласпен, сый ретінде әкеліп тапсыратын.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қор сақтау бөлімінің жазба ескерткіштері мен жәдігерлері бірнеше топқа бөлінеді. Соның ішінде құндысы, ең маңыздысы – қолжазбалар. Қолжазбалар саны - 158 дана. Бұл жазбаларға Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабын, ол кісінің ізбасары болған Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің 18 ғасырда жазылған «Бустан уль-Мухиббин» (Аллаға ғашықтардың бақшасы) кітабы, Фарид ад-Дин Мухаммад ибн Ибрахим Аттардың «Тазкиратуль аулия» (Әулиелердің жолы) кітабы және орама қағазға оралған насабнамалар, яғни қожалар әулетінің шежірелерін айтсақ болады. Қордағы қолжазбалардың көбісі - араб, парсы, шағатай (түркі) тілдерінде жазылған. Олардың бірі кітап түрінде жазылған, түптелген, мұқабалары бар. Ал кейбірі қалың дәптерге көшірілген. Ал енді бірі қойын дәптеріне (блокнот) жазылған. Қолжазбалардың сақталуына қарап, олардың қаншалықты көп қолданылғанын көруге болады. Бұл қолжазбалардың тақырыптары әртүрлі. Сақталулары да әр деңгейде.Кітап қоймаларын сақтау, жоғалған қолжазбаларды, мұраларды табу өткен тарихымызды байыта түсетін кәделі де, қадірлі істің бірі екені анық. Ел арасында ондай мұралар әлі де көп, сандықтар түбінде ата мұрасы болып сақталып жатыр. Ата-бабаларымыз қолжазбаларды оқтауға немесе ақ матаға орап сандықта сақтап келген. Ұзақ жылдар бойы өз еңбектерін, насихаттарын, киелі істерін келесі ұрпаққа осылай жеткізген. Ондағы мақсат қолжазбаны шірітпей, сөздерін өшірмей, тоздырмай ұрпаққа жеткізу еді.
 
Ж.Майлыбаева, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қор сақтаушы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді, деп...

Ел аумағында 12 өңірді қамтитын 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. ОКҚ алаңында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков АЭА...