Түркістанда қарилар дайындайтын медіресе ашқан қазақ қызы туралы білесіз бе?

Түркістанда қарилар дайындайтын медіресе ашқан қазақ қызы туралы білесіз бе?
Жәудір Оразқызы 1810 жылы Әжі-Ахмет (Қажы Ахмет) әулетінен тарайтын отбасыда дүниеге келеді. Арғы атасы Қарақағай батыр Әбілхайыр ханның замандасы болған. Қарақағайдан Көнен, Көненнен Ораз, Ораздан Шоң және Жәудір тарайды.
Жәудір анамыз 18 жасында тұрмысқа шығады да бұл некеден бір қызы болады. Бірақ, аласапыран заманда жолдасынан, кейін қызынан айырылады. Осындай қайғы-қасіреттен соң, Жәудір анамыз Түркістанға оралып, екі рет Меккеге барып келіп, осы Түркістанда Әжі Ахмет медресесінде (ХІҮ-ХҮ ғғ салынған) діни сауатын ашып, шамамен 1840 жылы бабасының мешіт-медресесін қолға алып, басшылық жасайды. Бұл кезде Жәудір анамыз 30 жаста болған.
1850 жылы Әжі Ахмет мешіт- медресесіне Жәудір апамыз қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кейінірек алыстан келген шәкірттерге арнап жатақхана салады. Осы жылдардан бастап Әжі Ахмет мешіт-медресесі Жәудір ана мешіт-медресесі деп атала бастайды. Қазақстан мен Орта Азиядан келген көптеген балалардың сауатын ашқан білім ордасы ХХ ғасырдың басына дейін жұмыс істейді.
1914 жылы 104 жасқа толғанда Жәудір ана Оразқызы туған жері Қостанай өңіріне көшеді. Ғасырлық ғұмырын елге қызметке арнаған ұлт руханиятының ұлы ұстаздарының бірі саналған Жәудір Оразқызы 108 жасқа толған шығында дүниеден өткен.
1937-38 жж. Әжі Ахмет Жәудір мешіт-медресесі бұзылған. 2008 жылы «Әзірет Сұлтан» қорық музейі тарапынан, археолог Марат Тұяқбаевтың басшылығымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 800 метрдей жерде орналасқан Мешіт медресе орнына кешенді археологияқ қазба жұмыстары жүргізілді. ХІҮ-ХҮ ғасырда негізі қаланған сәулеттік құрылыс «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты тарихи-мәдени ескерткіш саналады.
 
А.Тұрсынов - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Құрметті отандастар! Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!  Мемлекет басшысы айтулы күннің тарихи тағылымын ел жадында қайта жаңғыртып, мызғымас...