Адай Мұңалұлы Шоғы батыр

Адай Мұңалұлы Шоғы батыр
Адай Шоғы батыр Мұңалұлы (1667-1726 жж., Адай-Келінберді-Мұңал- Шоғы-Қырықмылтық, Қазақ шежіресі, А.,1994 ж.150 б.) - қырықмылтық руының түп атасы. Шоғы Мұңалұлының Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанынан табылған құлпытасында араб әрпімен жазылған жазуда «Бұл жерге Адай тайпасынан Шоғы батыр Мұңал ұлы жерленген. 1667-1726 жж.» деп көрсетілген. Шоғы батыр 1667 жылы туып, Сауран қаласын қорғауда жоңғарлармен болған соғыста 1726 жылы қаза тапқан. Батыр құлпытасы 1950 жылға дейін сақталып, 1951-1959 жылдары кесенеде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары кезінде жоғалған.
Жалпы ертедегі хас батырлар үйде туып, түзде өлуді, туған елі мен ата-бабадан қалған жерін қорғап жүріп жау қолынан қазаға ұшырауды армандайтын болған. Жаудың қаруынан, ұрыс майданында опат болған адамдарды «ақ шейіт» болды деген, қаза болған жан иесі тікелей жұмаққа түседі деген діни сенім орныққан.
Шоғы батыр жаудан елін қорғауға ерте араласқан. Ол кезеңдерде айнала анталаған жаулар қазақ халқына бейбіт өмір сүруге мұрша бермеген, жаугершілік өріс алған мезгіл болды. Шоғы өте жас кезінен соғыстарға қатысып, елін жаудан қорғауға белсене араласқан батыр. Өзіне дейінгі және заманындағы қазақ батырларынан айырмашылығы Шоғы отты қару - мылтықты соғыс құралы ретінде алғашқы пайдаланғандардың бірі. Мылтық ол кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін қару болатын. Сондықтан қырық мылтықты сарбазы бар Шоғы батыр – «Қырықмылтық» деген лақап атпен аталынып кеткен. Ол көбіне, сол лақап атымен танымал тұлға, ұрпақтары да «Қырықмылтық» атымен ру тақтасын құрап келеді.
Адайдың ішінде қырықмылтық ағайындар негізінен Ырғыз, Қарасай, Жем, Сағыз бойларын, осы күнгі Бейнеудің Қарақалпақстанға шектесіп жатқан аумағын мекендеген. Сол жерлерде өмір сүрген, ұрпақ жайған. Қазіргі Атырау облысы Жылыой ауданының аумағында, Құлсары – Мұқыр тас жолының бойында, Құлсары қаласынан 80 км қашықтықта орналасқан «Қырықмылтық» атты жер және мұнай өндіретін өндіріс ошағы - «Қырықмылтық» мұнай кен орны бар. Шоғы батыр ел тарихындағы даңқты тұлғалардың бірі. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Қасиетті қауымға Шоғы батыр, қазақтар қолының біріккен жасағының 1723-25 жылдары бас қолбасшысы болған Әбілқайыр ханның тасқа басып, мөрленген үкім-пәрменімен жерленген.
Өкініштісі Шоғы батырдың жерленген орны, басына қойылған белгі құлпытасы ұзақ жыл бойы белгісіз болып келді. Тек 2007 жылы ғана «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми-сараптама Кеңесі Шоғы батыр туралы материалдарды қарап, талдап, батырдың атын кесенеге жерленген тарихи тұлғалардың тізімі жазылған тақтаға қосу туралы шешім қабылдады.
1725 жылы Әбілхайыр хан қазақтың бас қолбасшылығына сайланғанда бес жүз жауынгерден жасақталған әскерді басқаруды Шоғы батырға сеніп тапсырған. Ол Түркістан, Сауран қалаларын жаудан қорғауға жан аямай кірісті. Өзінің екі баласы Жолай мен Есекейді де өзімен бірге ертіп жүріп, шешуші ұрыстарға салып, баулыған.
Шоғы ауыл-аймақтың батыры емес, ол нағыз халықтық батыр, ірі тарихи тұлға. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің арнаулы іргесіне айтулы хандар, көрнекті сұлтандар, атақты батырлар мен белгілі билер жерленген жерде бірге жатуының өзі осыны айғақтайды.
Қазақ халқының басқыншы қалмақ-жоңғарларға қарсы тұрған талай ұрыс алаңдарында көзге түскен Шоғы батыр бекінісі мықты, қорғанды қала саналатын Сауранды қайтарып алу үшін болған шешуші айқасқа қазақ әскерінің Бас батыры болып қол бастап, жеңіске жетіп, ұрыста өзі қатты жараланып, ерлікпен қаза тапқан. Әуелі ауыр жараланған Шоғыны Түркістанға апарып, ең мықты деген емшілерді жинап, оны аман алып қалуға Әбілхайыр хан тапсырма береді. Алайда оны құтқара алмайды, Шоғы қайтыс болады. Шоғы қайтыс болғаннан кейін, батырдың сүйегі Әбілхайыр ханның жеке тапсырмасы бойынша Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жеткізіліп, кез келгеннің пешенесіне бұйырмайтын арнаулы жерге жерленеді. Шоғы батыр жайлы бұрынғы жазба еңбектерде орын алған жайларға оралсақ.
«Үш жүзде
Хан болды Әбілхайыр қазағыма,
алашының басын құрап.
Ер Шоғы қол бастаған кемеңгері,
Қырандай қырғын салған ердің ері.
Жеңілмес қырық мылтықты сарбазы бар
«Қырықмылтық» аталып Шоғы тегі.
Сауранда жазатайым жаралап жаудың оғы
Жазмышта қапы кетті, қайран, Шоғы.
Әбілқайыр мөрлі пәрмен шығарыпты
«Болсын - деп,- Түркістанда бақилық ердің орны".
Таңбалап ескі тарих жазып кеткен,
Жалғасып көнелерден бізге жеткен.
Шоғы батыр төрінде Түркістанның
Бір жатыр би, сұлтан, хандарменен» деп жырлаған Қарақалпақстан ақыны
Дәуітбаев Рәтбай Мұратбайжырауұлы. Бұл осы жыраудың «Шоғы батыр» жырынан үзінді.
Жазушы Ә.Кекілбаев «Ордабасыдағы Әбілхайыр ханның жасағына күнбатыстан құйғытып, Шоғы батыр бастаған сарбаздар жетті» деп жазды.
 
Берік Байбол  - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім басшысы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында заманауи сәулелік терапия орталығының ашылуы онкологиялық көмектің сапасын және...