Қазақстан Үкіметі алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлікке қатысты шығындарын өтеу үшін өз резервінен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы қаулы қабылдады. Өңірлік комиссиялар кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдап жатыр, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет су тасқыны салдарын жою бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Қабылданып жатқан шаралардың ішінде азаматтарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету, біржолғы қаржылық көмек көрсету, үйлерді жөндеу мен қалпына келтіру шығындарын өтеу және т. б. бар.
Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталды. Қазіргі таңда өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 178 өтінімін қарап, мақұлдады.
Жалпы алғанда, әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша 746 ШОБ субъектісі зардап шекті. Олардың қатарында азық-түлік дүкендері, кафелер, ТҚКО, қонақ үйлер және басқалары бар. Бүгінде бағалау және сметалық жұмыстар жүргізілуде, олардың қорытындысы бойынша өтінімдер өңірлік комиссиялардың қарауына енгізіледі.
Осылайша, Үкімет резервінен 12 млрд теңгеден астам қаражат ШОБ мүлік шығындарын өтеу үшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады.
Су тасқыны салдарын жою жөніндегі жұмыс Үкімет басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін төтенше резервтен Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында әуедегі электр беру желілерін қалпына келтіруге 2,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген болатын.