Алматы облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасында тауарлық несие беру тетіктері де қарастырылған. Өз кәсібін ашуға ниет білдіргенге жер, мал немесе құс беріледі, тұрақты табыс көзін қамтамасыз ете отырып, дайын өнім кепілдендірілген бағамен сатып алынады.
Сондай-ақ өңірде кәсіпкерлер қолдауымен «Құнар» жобасы қолға алынған. Жоба аясында бір отбасыға 30 қой беріледі, ал арнайы мамандар мал бағудың қыр-сырын үйретеді және жыл бойына қажетті кеңес беріледі. Жобаға алғашқы қатысушы ретінде Ақсеңгір ауылынан 3 отбасы таңдалды. Бастама авторы Жәнібек Кенжебаев жобаның басты мақсаты ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін ұсыну екенін алға тартып отыр.
«Біздің бастамамызды «Kusto group» компаниясы мен «Qunar creative» қоғамдық қоры қолдап отыр. Біз қойларды құр беріп қана қоймаймыз. Сонымен қатар ветеринарлық қолдау көрсетіліп, жайылым мен мал күтімі үйретіледі. Тұрақты түрде шаруаның барысын қадағаланып отырады. Жобаға қатысушылар кәсіби мамандардың көмегімен мал басын көбейтіп, өз кәсібін дөңгелетеріне сенеміз», — деп атап өтті кәсіпкер.
Жобаға қатысушылардың бірі – Дәуіт Әбдірахымов. Жұбайымен 6 бала тәрбиелеп отырған азаматтың сөзінше, ата кәсіппен айналысуға ниетті жандар көп, алайда бәрі бірдей малдың бабын біле бермейді. Сондықтан қой өсіруде мамандардың көмек беруі тиімді екенін атап өтті.
«Үкімет түрлі қолдау бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Бұл ретте жеке кәсіпкерлердің бастамалары да маңызды рөл атқарады. Азаматтарға өз кәсібін бастауда алғашқы қадам жасауға көмек беру маңызды. Жобаға қатысып жатқандарға сәттілік тілеймін», — деп түйіндеді сөзін Тамара Дүйсенова.