Д.Г.Мессершмидтің құжаттарының арасынан табылған Түркістан қаласының ХVII ғ. аяғында жасалған планында 6 мұнаралы қақпа бейнеленген. Ал, 1864 жылы орыс әскери топографтары жасаған картада қаланың жаңа қорған дуалымен қоршалып, 6 қақпаның орындарының ауыстырылғанын көреміз.
Алғашқы, XVII ғ. жасалған картада қақпалардың барлығы мұнаралы етіп бейнеленсе, 1864 жылғы картада қақпалардың үшеуі ғана мұнаралы етіп бейнеленген.
Жоғарыда айтып өткеніміздей олардың орналасқан орындары да өзгерген. Яғни, қала көлемінің үлкеюіне қарай қорған қабырғалары да тиісінше кеңейіп, қақпаларының орындары мен пішіндері ауысып отырған.
Құрылысы XIV ғ. аяғында басталған қаланың қорған қабырғасының сол кезде жасалған алғашқы құрылыс жобасында 4 қақпалы болған. Ал, XVII ғ. мұнаралы етіп, 1864 жылғы картада жай ағаш қақпа (калитка) ретінде көрсетілген екі қосымша қақпа сол кезеңдерде қала тұрмысының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жасалған қосымша қақпалар болуы керек. Бұлай деуімізге, бүгінгі таңда Түркістанның «Төрт қақпалы Түркістан» деп аталуына себеп болған 4 қақпаның ғана атауы белгілі. Атаулары белгілі 4 қақпаны таныстырар болсақ, олар; кесене порталының оңтүстік шығысында 150 метрдей қашықтақыта орналасқан «Мүсәллә», кесененің оңтүстігінде кесенеден 400 метрдей қашықтықта орналасқан «Такия», Кесенеден солтүстік-батысқа қарай 800 метрдей қашықтықта орналасқан «Жеті ата» және кеснеден солтүстікке қарай 200 метрдей қашықтықта қарсы орналасқан «Дарбаза» қақпалары.
Қақпа атауларының шығу төркініне тоқтала кетсек; «Жеті ата» қақпасы қала қорған қабырғасының сыртында орналасқан «Жеті ата» мазарының атымен аталған. Бұл жерде Ахмет Ясауидің бір молада жерленген 7 муридінің (шәкіртінің) кесенесі орналасқан.
Мүсәллә қақпасы, "Мусалла" сөзі араб тілінде Аллаға сыйыну, намаз оқитын орын деген мағына береді. Бұл қақпа ішінде мешіт бөлмесі бар әулие кесенесінің порталына қарсы орналасқан, негізгі сыйыну орнына апаратын қақпа болғандықтан «Мусалла» атауы берілген.
Тәкия қақпасының атауы сопылық жолдың негізгі ритуалды практикаларының бірі «зікір салу» үрдісімен байланысты шыққан. Сопылық терминдер сөздігінде «Тәкия» дәруіштер, муридтер топталып зікір салатын жер деп көрсетіледі.
Дарбаза қақпасының атауына келер болсақ, «Дарбаза» сөзінің өзі Орта Азия халықтары арасында «Қақпа» деген мағына береді.
Толқын Жолдасов - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қор сақтаушы.