Арғын Қарабалуан Жанұзақ Батыр Алдиярұлы (1688-1749 жж.)

Арғын Қарабалуан Жанұзақ Батыр Алдиярұлы (1688-1749 жж.)
Орта жүзде Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлының азаттық үшін күрескен күрескерлігін, ел басқарған әділ билігін, қол бастаған батырлығын білмейтін қазақ жоқ десе де болады. Бірақ «Ақтабан – Шұбырынды» кезіндегі көптеген батырлар туралы деректер сақталмай, орыстың боданы болғаннан кейін олардың ерлігін жазып таратуға тиым салынды. Сол себепті Қарабалуан Жанұзақ Алдиярұлы туралы деректер Орынбор мен Омбының мұрағаттарында әлі күнге дейін жарияланбай, іздеушілерін күтіп жатыр.
Шын есімі Жанұзақ Алдиярұлы, Арғын тайпасының Тоқал Арғын атанған атасының ұрпағы. Арғын тайпасы қазақ руларының ішіндегі ең көп және ұлы, дана адамдар шыққан ру. Сүйінбай ақынның сөзімен айтсақ:
«Анау жатқан Арғыным,
Арғын атқа қонғанда
Басыңнан сенің қарғыдым!
Арғын деген сансыз ел,
Мекен еткен қоныс қып
Дүниенің жарымын.
Ешкім басып көрген жоқ
Бұлардың қарқын, арынын!
Жерге кіріп кетерсің,
Олардың бассаң тамырын!» - деп жырлаған екен.
Тоқал арғындардың Шағыр деген атасынан Саржетім, екінші әйелінен Сомжүрек, Аманжол туады. Саржетім әрі би, әрі батыр болып бүкіл қазаққа аты жайылған. Шәкәрімнің «Нартайлақ пен Нұрсұлу» поэмасында осы Саржетім суреттелген. Саржетімнен Ағлан мен Жолдыбай туады. Жолдыбайдан Сүгір, Жиенбет тараса, Ағланнан Ақымбет, Бекімбет, Шымболат, Жауғашты туады. Қарабалуанның арғы атасы Жауғашты. Жауғаштыдан Мадияр, Алдияр, Құдияр туады. Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы 1688 жылы Қаратауда дүниеге келген. 1723 жылы Қаратаудан осы күнгі Торғай, Қостанай жеріне, «Ақтабан – Шұбырынды...» заманында қоныс аударады. Саржетім, Сомжүрек, Аманжол ұрпақтарын және Шағырдың Бөлтірік ағасынан тараған балаларын Қарабалуан би мен Жәнібек батыр бастап, Торғайдың Тосыны мен Обағанның бойына тегіс орналастырады. Солтүстіктен келген жаудан елді қорғау үшін Қарабалуан Обағанның бойынан, оңтүстіктен келген жауға соққы беру үшін Жәнібек Тосыннан қоныс алады. Қалған елді осы Тосын мен Обаған өзені арасындағы жерлерге туыстық жағдайына ыңғайлап орналастырады. Бұл жаққа көшіп келгенше Қарабалуан мен Жәнібек елін жоңғарлардан қорғап, әскер басшысы болып, бүкіл қазаққа танылған батырлар. Жоңғарлар 1698, 1711, 1712, 1714, 1717, 1721 жылдары қазақ еліне қарсы ірі шабуылдар жасаған. Осы жылдары Қазақтың оңтүстік жағын түгелге жақын басып алған. 1691 жылы тарихшы В.А.Мойсеевтің дерегі бойынша, жоңғар хандығы қазақ ордасында елші жіберіп, «қазақтар қалмақ дініне кірсін, ламаизмді қабылдасын», – деп талап қояды. Қазақтар бұл талапқа қарсы шығады. Осыдан бастап екі ел арасында ірі соғыстар болады. Қазақтар үнемі қалмақтардың бетін қайтарып отырады. Соңдықтан қалмақтар қолайлы жағдайды күтеді. Мұндай қолайлы жағдай Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін туа бастайды. Тәукеден соң таққа отырған Болат пен Қайып хандар тұсында хан сарайы маңындағылардың ішінде алауыздық туып, бірлік бұзылады. 1720 жылы Қытай императоры Хан Син дүние салып, оның орнына отырған император жоңғар ханымен соғыспау жөнінде бітім жасайды. Қытай жақтағы қауіп осылай басылған соң, жоңғарлар бұл беттегі қара құрттай қаптаған көп әскерін Шу, Талас өзендерінің алқаптарына топтастырады. Оның үстіне 1723 жылы «Ұлы жұт» болып, тігерге тұяқ қалмай, мал қырылып, халық жұтап қалады. Міне, осы қолайлы жағдайды пайдаланып, қалмақтар 1723 жылы ерте көктемде, тұтқиылдан шабуыл жасайды. Өрттей қаптаған жау қазақтарды аяусыз қырған, жас баланы да, қарттарды да аямаған.
Тірі қалған жұрт туған елдерін, ата қонысын тастап, беттерінің ауған жақтарына босып кеткен. Бұл «ақтабан шұбырынды» деп аталатын сұмдық опат еді. Міне осы жылы Ұлытауға келіп, одан осы күнгі Торғай, Қостанай жеріне қоныстанған, естерін жинағаннан кейін Қарабалуан інісі Жәнібек, баласы Барақ, туыстары Мерген Бабасұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Қараман Бөкенбай Қожекеұлы және тағы басқа батырларды жинап, қалмаққа қарсы соғысқа аттанады.
1726 жылы Ордабасыда қазақтың үш жүзінің ел басшылары, батырлары бас қосып, жиын өткізді. Осы жиынға Қарабалуан мен Жәнібек қатысып, жоңғарларға қарсы үш жүз бірігіп соғысуға шешім қабылдайды. Осы жиынннан кейін 1728 жылы Арқадағы Бұланты өзеннің бойында жоңғарларға қатты соққы берген екен. 1730 жылы Аңырақай деген жердегі соғысқа да Қарабалуан Жанұзақ Алдиярұлы мен Жәнібек қатысып, екінші рет қалмақтардың әскерін талқандайды. Бірақ қалмақтар соғысуын тоқтатпайды. 1732-58 жылдары арасында қазақ жеріне бірнеше рет шабуыл жасап, ақырында енді қарсы тұра алмайтындай болып жеңілді. «Көп жортқан жаудың басы жолда қалады», – дегендей, 1758 жылы жоңғар мемлекеті жер бетінен біржола жойылды.
Қарабалуан Жанұзақ Алдиярұлы 1730 жылдан бастап соғыс істеріне араласпай, ел басқару жұмысына ауысады. Елді жаудан қорғауды інісі Жәнібек пен баласы Барақ батырға тапсырады. Өйткені, қалмақтар жойылғанмен қазақ жеріне Ресей мен Қытай жағынан қауіп бұлты қалыңдай түскен.
Қарабалуан көпжылдық соғыста қажыған халқының жағдайын түзеп, ел арасында тыныштық орнатумен айналысады.
Қарабалуан Жанұзақ Алдиярұлы 1749 жылы Обаған өзенінің бойында қайтыс болып, батырдың денесін інісі Жәнібек Қошқарұлының бастауымен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи түрбесіне жерлеген екен.
Б.Байбол - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының  бөлім басшысы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Антон Алихановпен кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ...

Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығында агродрондарды қолдану тәжірибесін қолдану мен кеңейтудің...

Премьер-министр Олжаса Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын және транзиттік әлеуетті дамыту мәселелері қаралды, деп...