Құман-құмыралар

Құман-құмыралар
«Әзірет Сұлтан» қорық музей қорында ХІІ-ХІІІ ғғ. тән сыртқы пішіні сәнді болып жасалып, өзіне ғана тән ерекшеліктерімен өрнектелген ыдыстардың бірнеше түрі бар. Солардың бірі құман-құмыралар. Оларды салтанатты ыдыс түрлеріне жатқызуға болады.
Оңтүстік Қазақстанның барлық дамыған ортағасырлық қалалары мен қоныстарынан табылатын бұл құман-құмыралар қадалық (реперлік) жәдігер деп есептеледі, басқаша айтсақ–ХІІ-ХІІІғғ. бет пердесі деуге болады. Археологияда мұндай табыстар «хронологиялық жәдігерлер типі» деп аталады.
Қаратөбе-Сауран қазбасынан табылған құман-құмырларды әшекейлеуге геометриялы сызықшалар, шиыршық тәрізді комбинациялар мен өсімдік тектес өрнектер қарапайым әрі күрделі болып, қара қоңыр түспен ашық түсті ангобқа түсірілген. Тұтқалары кішкене көлденең сызықтардан тұратын өрнекпен сәнделіп, өрнектер иық, ауыз тұстарына және ыдыстың жоғарғы бөлігіне тұтастай салынған. Олардағы өрнектер шырша, түзу, ирек, көлденең сызықтармен шиыршықтардан құралған геомертиялық жолақтардан және сәулесі шашырап тұрған күн, өсімдік тәрізденген өрнектермен қосылып, жалпы бір композицияны құрап тұр деуге болады.
Сырты ангобпен өрнектелген қыш құмандардың пішіндері қазіргі заманғы шәйнектерді еске түсіреді, алайда, олар арнайы отқа қоюға арналып жасалмағандықтан, тек қол жуғыш құмандар ретінде қолданылған. Оларды мұсылман амалдарын орындау кезінде ғұсыл, дәрет алу үшін және су тасушы ыдыс ретінде қолданған болуы керек деп пайымдаймыз. Сол себептен де оларды «құман» деп атауға болады.
Құмандарда мойын мен ауыз жоқ. Олар құмыра түрінде пішінделіп, жоғарғы жағы үрлене шығыңқыланып, аузы жоқ бітеу болып, түбіне қарай тарыла жасалған. Жоғарғы мойын тұсына жақын жерінен, d-3-4см. көлемінде шүмек орындары сақталған. Осы шүмек құман аузының да, тұтқаның тіреуіші де қызметін атқарған. Құман тұтқасы дәл төбеден шығып, осы шүмектің ауыз жағына бекітілген. Кейбірінің түбінен жоғары ернеу аралықтарына қара ангобпен жіңішке сызықшалар төрт жерінен түсірілген. Төбесіне шаңырақ тәрізденген өрнек яғни, қара ангобпен жіңішке ұзынша сызықтар тігінен, ал ортан беліне жолақ тәріздендіріліп қиғаш сызықшалар бір жамбастап түсірілген.
Құман-құмыралар асханалық басқа ыдыстар тәрізді аузы жіңішке болғанымен, сыйымдылығы жағынан сұйық зат көп кететіндіктен, тұрмыста су тасуға және дәрет алуға пайдаланылғандығы байқалады. Орта Азиядағы Х-ХІІғғ. қыш құмыралар топтамаларында мұндай пішіндегі қыш құмандар онша көп кезеспейді. Мұндай құман-құмыралар дәстүрлі түрде «асханалық» ыдыс
категориясына жатады. Бұлардың пішіні жағынан бірден-бір өзгеше ыдыс ретінде, шығу тегі жағынан грек ыдыстарымен байланысы барлығы дәлелденген. Олар алғаш рет Ежелгі Бактрияда пайда болып одан кейін ғана Орта Азияға тараған сыңайлы.
Қаратөбе-Сауран қазбасынан табылған ерекше үлгіде жасалынған мұндай құман-құмыралар жоғалып қайта жанданған дәуірді еске түсіретін артефактілер деуге болады. Олардағы өрнектер стилі жағынан жергілікті көшпелі халықтардың тұрмысында қолданып келген әр түрлі бұйымдардағы (кілем, текемет, сырмақтар) ою-өрнектерге жақын болып келетіні байқалады.
Ә.Егеубаева - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының  қор сақтаушы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығында агродрондарды қолдану тәжірибесін қолдану мен кеңейтудің...

Премьер-министр Олжаса Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын және транзиттік әлеуетті дамыту мәселелері қаралды, деп...