Абылай заманындағы Айтбай батыр

Абылай заманындағы Айтбай батыр
Абылай хан заманында елі, жері үшін аянбай жан беріп, жан алысқан шайқастарда қазақтың көптеген батырлары ерлік көрсеткен. Осындай батыр тұлғаларымыздың бірі - Аткелтірұлы Айтбай батыр. Айтбай батыр Сарыкөл өңірін мекендейтін іргелі Қанжығалы руынан шыққан. Әйгілі Әлібек батыр, аты шулы Орал батыр, Меңдеке батыр да сол Қанжығалы руынан. Сарыкөл өңірінің тарландары.
Айтбай батыр ХVІІІ ғасырда қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы күресіне белсенді қатысушылардың бірі болған. Ол әйгілі батырлар Бөгенбай, Қабанбайлармен қатар қазақтың жері үшін шайқастарға қатысып, ел намысын қорғаған. Абылай хан оның батылдығына, тапқырлығына риза болып, кеңесшісі ретінде оның шешімдеріне келісіп отырған.
Ғ.Батталовтың көрсетуінше Урицкий ауданындағы қанжығалылар арасында оларға кірме болып келетін Нарбота, Откелді (Аткелтір) деген рулар бар. Т.А.Еңсебаев нұсқасында Теңізбайдан Жәнібек, Құдайберді, Айдапсал, Аткелтір. Ал Нарбота Айдапсалдан тарайды. Теңізбайдың ұлдарының есімдері: Жәнібек, Құдайберді, Айдапсал, Аткелтір. Қүдайберді - Ұлы жүздің бас биі атақты Үйсін Төле бидің (т. ж. 1663–1756 ж. ө.) күйеу баласы. Теңізбайдың Жәнібек атасынан өз дәуірінде айтулы батырлардың бірі қажыр-қайраты мол Меңдеке батыр шыққан.
Жазушы, тарихшы Қойшығара Салғарұлының «Нар тұлға» атты еңбегінде: «Ақтуба өзені Еділден ағып шығып, біраз жер өткеннен кейін қайтадан Еділге құяр сағасында қазақтың Харбалы атты бекінісі болған. 1740 жылы екі өзеннің тоғысқан жерінде қазақ батырларының Еділ қалмақтарымен Харбалы бекінісі үшін кескілескен қантөгіс шайқасы болады. Қазақ батырлары қалмақтарды жеңіп, Харбалы бекінісін жаудан азат етеді. Сол соғыста ерекше ерлігімен Айтбай батыр қарулас жолдастарының зор құрметіне бөленді» - деп жазады. Айтбай батыр қалмақтармен соғысып қана қоймай, еліміздің шекарасын бекітуге де үлес қосқан. Хан Абылай орыс патшасымен келісімге келсе де, орыс жағы қазақтардың жерін тартып алып, қоныстануын тоқтатпаған. Соған орай Абылай хан еліміздің солтүстік өңірінен Айтбай батырға жер беріп, қоныстандырған. Ондағы мақсат қазақтың жерін орыстардан қорғау еді. Кейіннен Аткелтірлер қоныстанған мекен Ақсиыр атанып кеткен. Бүгінгі күнге дейін сол жер орысша Половиное аталса да қазақ тұрғындары Ақсиыр атымен атайды. Айтбай батыр Ақсиырдан Бағланға дейінгі аралықты жіті бақылап отырған. Орыстармен келіссөз жүргізіп, озбырлыққа жол бермеген.
Абылай хан қайтыс болғанда Айтбай батырдың 60 жастан асқан кезі екен. Ол Қасым төренің бір шешіміне келіспей, Ертістің биік жарынан атпен өзенге қарқып кетіп, ар жағына шығып, Сонда былай деген екен: «Мен еліме жер табам, кәпірлерді қырсамда!». Соған қарағанда батырдың әлі де күш-қуаты болғаны көрінеді.
«Қалмақтардың үлкен жорықтары» аталған жорықта қалмақтар қазақ елінің біраз жерін жайпап өткен. Айтбай батыр өзінің мыңдаған сарбаздарымен, оның ішінде өзінің ұлы — Арал да бар, Абылай ханның сарбаздарымен бірігіп, жауды қуып, тірі қалғандарын тұтқынға алады.
XVIII ғасырда Қанжығалы елі оңтүстікте Ұлы жүздің жерінде қалыптасқан. «Ақтабан шұбырынды» кезінде көп қазақ қырылғанда, Аткелтір баба да елімен қырылып қалған, тірі қалғандары жан-жаққа бытырап кеткен. Айтбай батыр сол кезде шамамен екі жастағы, жетім қалған сәби екен. Төле би немере жиенін асырап алады. Бес жастан бастап Айтбай аттың құлағында ойнаған көрінеді. Төле би немере жиенінің сөзге шебер, ақылды, дарынды өзімдей би болсын деп қасынан тастамай алып жүретін болған.
«Он үште отау иесі» дегендей 13 жасында Ресей астанасына хатшы ретінде барған. Нағашысы Төле би: «Болашақта Айтбай — мен сияқты би болады», — деп сенім білдірген. Бірақ Бөгенбай батыр 15 жасқа келген Айтбайды көріп: «Жиеніңіз Төле бидей би болмас, бірақ батыр болары анық», — деген екен.
Төле би батасын беріп, Бөгенбай батырдың сарбаздарына ертіп жібереді.
Аңыз бойынша, «Кіші жүздегі үлкен тойға жан-жақты билер, батырлар жиналады, олардың ішінде Бөгенбай батыр мен Айтбай сарбаз да болған көрінеді, нағыз той қызып жатқанда қалмақтар шабуыл жасап, ауылды өртеп тонайды. Айтбай бірнеше сарбаздарымен жауды Астраханға дейін қуып, қазақ жерін қалмақтардан босатады. Осы жеңістен соң Айтбай сарбазға «батыр» деген атақ беріледі. Бөгенбай бабамыз Айтбай батырға: «Ат келтіріңдер!»,- деп бұйрық береді. Сол кезде Айтбай батыр 17 жаста болған екен. Аткелтір руының қайта тірілгені осы кезден басталса керек».
Қарт Бөгенбай өмірден өткен кезде Абылай ханның жарлығы бойынша 1776 жылы көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы бастаған елдің игі жақсылары батырдың сүйегін нарға теңдеп, Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеген.
Айтбай батыр тек ұрыста ғана емес, ел тағдыры шешілер келелі мәселелерде де сүбелі сөз айта білген. Оның пікірімен хан да, қара да санасқан. Абылай хан хал үстінде жатқанда оның баласы Қасымның емес, Уәлінің хан тағына отыруына, осы Айтбай батырдың уәжі себеп болыпты. Дәл осы мәліметті С.Мұқановтың еңбегінде де көрсетеді.
Абылай хандығына екі баласы таласқан сияқты, бірі Уәлі, екіншісі Топыш есімді әйелінен туған Қасым. Абылай көзі тірісінде осы екеуінің бірін бағынышты жұртына таңдатпақ болады. Хан сайлауға кешіккендер болыпты. Абылай хан сәл кідіруге шақырады. Ол кешігіп келгендер Қанжығалы руының Аткелтір тайпасынан шыққан Айтбай батыр мен Найман қаракерей соқыр Абыздың немересі Алдабек екен. Қасымның бұларға “бірі соқыр, бірі ақсақ” деген сөзіне
...Хан болып елді ұстай ма,
Осындай долы, ашулы? ...
Атаң Абылай шақырды,
«Хан сайла деп Қасымды».
Уа, сайламаймын Қасымды,
Болмай жатып басынды,- деп Алдабек айтса, Айтбай батыр:
Не қыл дейсің соқырға?
Білмей сөйлеп отыр ма?
Шешең қалмақ, әкең жат,
Ойбай, бәлем құтырма!
Руым Арғын болғанда,
қанжығалы тайпадан
аткелтірдің ішінде атым
Айтбай батырмын
Өз бетіммен келгем жоқ,
Хан сайла деп шақырдың,- деген екен.
Айтбай батыр қыркүйек айында жайлауда Ақсиыр деген жерде дүние салады. Айтбай батырды баласы Арал бас болып ағайын-туыстары Түркістандағы қазақ халқының пантеоны Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне әкеліп жерлеген.
Қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында Айтбай батыр жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген соғыста ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған, ел тарихында елеулi iз қалдырған тұлғаларымыздың бiрi болған. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің арнаулы іргесіне айтулы хандар, көрнекті сұлтандар, атақты батырлар мен белгілі билер жерленген жерде бірге жатуының өзі осыны айғақтайды. Ал ондай сардар тұлға халқының ар-намысы үшін, қарыс-сүйем жері үшін күреседі, жауға есесін жібермейді. Айтбай батырдың ұлағатты өмірі, оның қайраткерлік ерен еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге.
А.Үркінбаева - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...