Кесене табанындағы қамыстар қайда?

Кесене табанындағы қамыстар қайда?
Қалың жұртшылық арасында Ясауи кесенесінің астына қалың қамыс қабаты төселген, сол қамыс қабаты зәулім кесене құрылысын жерасты және жер бетіндегі ылғалдан қорғап, 600 жылдан аса уақыт бойы кесененің жақсы сақталуын қамтамасыз етіп келген, ал, ХХ ғасырдың аяғында кесенеге жүргізілген реставрациялық жұмыстар кезінде сол қамыс қабаты алынып тасталып, орны цементпен толтырылып тасталған деген әңгімелер көптеп тарап жүр. Осы әңгіме қаншалықты рас?
Кесене құрылысы басталған тұста кесене салынатын орын таңдалып алынған соң, бұл жерге жан-жақтан мыңдаған арбамен қамыс әкелінгені рас. Бірақ, бұл қамыстар кесене құрылысының астына төселу үшін емес, өртелу үшін әкелінген. Ғаламат алып кесене құрылысының астына іргетас қызметін атқаратын қабатты жасау үшін халық арасында «Қыр» деп, ал әлемдік архитектурада «Пуццолан цементі» деп аталатын материалды дайындау керек болатын. Ал, өртенген қамыстың күлі сол «Қырдың» негізгі құрамдас бөлігі.
Жалпы, құрылыстағы бұл технологияны әлемдік архитектурада «Пуццолан цементі» деп атайды. Италиядағы Поццуоли қаласының маңындағы Сольфатара ди Пуцолиа вулканынан шыққан вулкандық шаң, пемза және туфтың қосындысы, саздың және басқа да ингредиенттердің қосындысы арқылы жасалатындық осылай аталған. Ал, пайда болу тарихы өте ерте кезеңдерге тұңғиықтап кетеді.
Жазба ескерткіштерде Пуццоланның алғаш алынған жері ретінде Везувий жанартауы ауданында орналасқан Поццуали қаласының маңындағы тау қыраттары деп айтылады. Алғаш рет бұл құрылыс технологиясы ежелгі Рим мен Византияда пайдаланылған. Византияда бұл материал кіші Азияның Мизия ауданындағы Кизик (Кезек) қаласында өндіріліп отырған. Бұл қала бүгінгі Түркия территориясындағы Капыдағ (Есіктау) түбегінде орналасқан.
Сол кезеңдерден бері Пуццоландар ылғал ортада қататын таптырмас материал ретінде қолданылып келеді. Қолданылуы: Пуццолан күлі сазбен араластырылып, 600-800 градус ыстықта күйдіріледі.
Ал, ортағасырда бұл технология Орта Азия сәулет құрылыстарына пайдалана бастады. Біздің ата-бабаларымыз Пуццолан вулканының шаңының орнын өзімізде көптеп өсетін қамыстың күлі кереметтей алмастыра алатыннын анықтаған. Анықтап қана қоймай, оның беріктік қасиетін арттыру үшін материалдың құрамына өз тараптарынан ескі технологияда қолданылмайтын жаңа қоспаларды да ендірген.
Қыр – 70% қамыс күлі, 20% саз, бірнеше пайыз тазартылған құм және клейстер ретінде жүзім шырынын қосып, құрамындағы тұздан толық арылғанша әбден илеу арқылы жасалатын құрылыс материалы. Іргетас ретінде астына «қыр» төселген құрылыс табиғи құбылыстардың әсеріне ұзақ жылдар бойы міз бақпай тұра береді. Оған қоса, қыр жылдар өтіп, бойына ылғал сіңген сайын беріктік қасиеті арта түседі. Сондықтан, ортағасырларда “қырды” табаны су ішінде жататын көпірлер мен акведуктардың құрылысына, моншалар салуда, су құбырларын жасауда т.б. көптеп қолданған.
Ал, халықтың санасында сақталып қалған, кесене астына қамыс төселген деген дақпырт кесене құрылысының басында мыңдаған арбамен келген қамыстарды көрген адамдардың түйген ойларынан қалған болуы керек.
Кесене астында ешқандай қамыс қабатының болмағандығын түрлі жылдарда кесене іргетасына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары да растайды. Ал, «Қыр» (Пуццолан цементі) мыңдаған арбалармен жеткізілген қамыстардың негізінде жасалған өте берік құрылыс материалы.
 
Т.Жолдасов - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қор сақтаушы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...