Жуырда Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округінің 33 жастағы тұрғыны 7 қыздан кейін үшем босанып, 10 баланың анасы атанған болатын. Көптен күткен ұлдарына Қасым, Жомарт есімдері, қыздарына Кемел есімі берілген еді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін – Жалпыхалықтық референдум. Келес ауданының тұрғындары АЭС салуға қатысты референдумда белсенділік танытып жатыр. Бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Ал бұл – саяси өзгерістерге қатысы жоқ алғашқы референдум.
Осы орайда Келес ауданындағы үшемнің анасы Гүлназ Мыңжасар осындай шешуші сәттен қалыс қалмау қажет деп шешкенін айтады. Ақтөбе ауылдық округінде тұратын «Алтын алқа» иегері Гүлназ Мыңжасар сайлау учаскесіне үшем Қасым, Жомарт, Кемелді ертіп келді.
«Бүгін сайлауға келдік. Осындай шешуші сәттен қалыс қалмауымыз қажет деп таптық. Өйткені балаларымыздың ертеңі бүгінгі шешімге байланысты. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетпен таңдау жасадық, - дейді алтын құрсақты ана.
Саяси науқанда белсенділік танытқан үшемдердің ата-анасына естелік сыйлықтар табысталды. Жалпы, Келес ауданында дауыс беруге келіп жатқан көпбалалы аналардың қарасы қалың.