Әйелдердің денсаулығын нығайту және кәсіби тексерулер, босанғанға дейінгі дайындық және контрацепциямен қамтуды ұлғайту үшін «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылуда. Жүкті әйелдердің денсаулығы мен дені сау балалардың туылуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанда алғаш рет пренатальды дайындықты жүргізу бойынша клиникалық хаттама бекітілді, құжатта халықаралық ұсынымдар ескерілді. Прегравидардық даярлықты өткізу сапасын жақсарту мақсатында амбулаториялық қызмет деңгейінде жұмысты үйлестіретін 20 өңірде үйлестірушілер дайындалды. Бұл туралы ОКҚ дөңгелек үстелінде ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мәлімдеді, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Демографиялық жағдайды жақсарту үшін 2021 - жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асырылуда. Оның арқасында көптен күткен 8 мыңға жуық бала дүниеге келді.
«Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын нығайту және сақтау, балалар гинекологиясын дамыту мақсатында 43 балалар гинекологы оқудан өтті, біз перинаталдық орталықтардың клиникалық-диагностикалық бөлімшелерінің базасында отбасылар мен қыздарға, гинекологиялық патологиясы бар жасөспірімдерге және ауыл тұрғындарына кеңес беру үшін кабинеттер аштық. Денсаулықты сақтау және жасөспірімдер мен жастарға қолайлы жағдай жасау үшін елімізде 141 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Онда мамандардың мультидисциплинарлық топтары: акушер-гинекологтар, урологтар, психологтар, балалар мен жастарға репродуктивті денсаулықты сақтау және нығайту бойынша профилактикалық көмек көрсетеді», - деп атап өтті спикер.
Бүгінгі таңда жүктілік бойынша есепте 270 мыңға жуық жүкті әйел тұр. Олардың 61%-ы ұсынылған ерте мерзімде 10 аптаға дейін есепке алынды. 2 жыл бұрын олар 40% - дан аз болды.
Ауыл тұрғындарына практикалық, консультациялық көмек көрсету үшін ДСМ мамандары 16 өңірге мониторингтік сапарларды жүзеге асырды.
«Күн сайын жергілікті жерлердегі ахуалға мониторинг жүргізіледі, ахуалдық орталықтар құрылды, біз әрбір ауыр халдегі әйел туралы білеміз және бүкіл ел бойынша көмек көрсетеміз. Аналарға көмек көрсету сапасын жақсарту мақсатында халықаралық ұсынымдарға сәйкес акушерлікте клиникалық хаттамалар әзірленіп, өзектендірілді. Пренатальды скринингтің қолжетімділігін жақсарту және жүкті әйелдер үшін жайлылық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ету үшін алғаш рет еліміздің 10 өңірінде «Бір күндік клиника» жобасы іске асырылды. Жоба аясында жүкті әйелдер тексеруден өтіп, ұрықтың жағдайы туралы ақпаратты бір күн ішінде ала алады», - деді сарапшы.
Сондай-ақ Мағрипа Ембергенова «ұрық медицинасы» жобасы аясында құтқарылған 9 адам туралы хабарлады - ұрықтың патологиясы диагнозы қойылған жүкті әйелдерге ұрыққа жатырішілік операциялар жасалды. Орта есеппен жыл сайын туа біткен аурулары бар 1,5 мың жаңа туған нәресте жедел ем алады.