Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қытайлық Fufeng Group компаниясының басқарма төрағасы Ли Сюэчунмен агроөнеркәсіптік кешен және көмір химиясы саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Терең өңдеуге баса назар аудара отырып, ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ден қойылды, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Fufeng Group Company Limited – аминқышқылдары мен олардың туындыларын өндіруге, сондай-ақ осы саладағы зерттеулер мен әзірлемелерге маманданған био-ферменттеу индустриясындағы әлемдік көшбасшы. Компания әлемдегі ең ірі натрий глутаматы мен ксантан шайырын өндіруші саналады.
Fufeng Group-тың Қазақстанда крахмалды қант өндіру және аминқышқылдарын ашыту зауыттарын, сондай-ақ көмір жылу электр стансасы мен ағынды суларды тазарту стансасын қамтитын жүгеріні терең өңдеуге арналған тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік парк құру туралы ұсынысы талқыланды.
Бидай мен жүгеріні терең өңдеу крахмал, аминқышқылдары, натрий глутаматы және ксантан шайырының қосылған құны жоғары өнімдерді алуға мүмкіндік береді, олардың бағасы шикізат құнынан 10-15 есе жоғары. Жоба аясында 1 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда, инвестиция көлемі шамамен $300-350 млн-ды құрайды.
Ли Сюэчунь компанияның ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үдерісіне қатысуға, сапалы тыңайтқыштар беруге және қазақстандық мамандармен заманауи агротехнологиялар бойынша тәжірибе алмасуға дайын екендігін атап өтті. Сондай-ақ инвестор көмір-химия секторындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.
Қазақстан Премьер-министрі Мемлекет басшысының экономиканың өсуін қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған мақсатына қол жеткізу шеңберінде агроөнеркәсіптік кешенге инвестициялардың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға ұмтылуда, ал астықты терең өңдеу кешендерін салу басым бағыт саналады. Бұл – экономиканы әртараптандыруға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік беретін стратегиялық бағыт. Бізде бұл үшін қажеттінің бәрі бар: инфрақұрылым, шикізат ресурстары және мемлекеттік қолдау шаралары. Жоба агроөнеркәсіптік секторда қосымша құн құрудың және озық технологиялар енгізудің жарқын үлгісі болмақ. Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі», — деді Олжас Бектенов.
Қазақстан нарығында Fufeng Group сияқты ірі ойыншының пайда болуы ауыл шаруашылығы дақылдарын, әсіресе, астық егетін солтүстік өңірлерде әртараптандыруға ықпал ететін болады. Компанияның қазақстандық фермерлермен жоспарлы оффтейк-келісімшарттар жасасуы тиімді ынтымақтастыққа кепілдік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне Fufeng Group компаниясымен инвестициялық келісімді жедел түрде дайындауды тапсырды.