Футбол
Чемпиондар Лигасы
Өткен аптада Чемпиондар Лигасының ширек финалдық ойындары өз мәресіне жетті. Аталмыш ойындардың барлығы да драмаға толы болды десек артық айтпаймыз. Жартылай финалға ең бірінші болып жолдаманы «ПСЖ» командасы алды. Неймар бастаған кілең «сен тұр, мен атайындар» Италияның «Аталанта» командасымен бақ сынасты. Ойынның 26 минутында «Аталанта» ойыншысы Марио Пашалич есепті ашқан болатын. Соңғы секундтарға дейін күрескен париждіктер 90-шы минутта қарсыластар қақпасына қос гол соғып жеңісті жұлып әкетті. Гол авторлары Маркос Аоас Корреа және Эрик Шупо-Мотинг.
Жарыстың келесі күні германиялық «РБ Лейпциг» командасы мадридтік «Атлетикомен» кездесті. Өздерінің қайсар мінездерінің арқасында «РБ Лейпциг» командасы қарсыластарын 2:1 есебімен тізе бүктіріп жартылай финалға шықты. Осылайша кәсіби клуб ретінде құрылғанына небәрі 11 жыл болған неміс клубы айды аспанға бір-ақ шығарды.
Ширек финалдық ойындардың орталық мачты «Барселона» мен «Бавария» арасында өтті. Алайда, жанкүйерлер тартысты ойынға куә бола алмады. Себебі, бұл күні Месси бастаған футболшылар өздеріне мүлде ұқсамады. Әдеттегідей допқа да иелік жасамады. Керісінше «неміс мәшинелері» мектеп оқушыларымен ойнағандай әсер қалдырды. «Бавария» «Барселона» қақпасына 8 бірдей гол соқты. Ал, қарсыластары небәрі 2-ақ голмен жауап қайтарды. Осылайша таблодағы есеп 8:2 болды. Ойыннан соң мамандар нешетүрлі пікір айтты. Бірі «Барселонаның» дәуірі бітті. Мессидің дәуірі бітті. Клуб күйреді» десе, ал, екінші тарап«Барселона» келер жылы өз бабына қайта келетіндігіне сенім білдірді. Алайда, клуб басшылығы осы матчтан соң бас бапкер Кике Сетьенді жұмыстан босатты.
Биылғы жылы Чемпиондар Лигасы чемпиондығына бірден бір үміткер «Манчестер Сити» командасы да жарыстан шығып қалды. Англияның азулы командасы франциялық «Лионнан» 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша Пеп Гвардиоланың «жұлдызды» шәкірттерінің жолы тағы да болмады.
Ертең яғни, 18 тамыз күні жартылай финалдың алғашқы ойыны өтеді. «РБ Лейпциг» клубы «ПСЖ»-мен ойнаса, 19 тамыз күні «Лион» мен «Бавария» кездеседі. Ал, финалдық ойын 23 тамызда Португалияның «Эштадиу да Луш» аренасында өтетін болады.
No-comment.kz