Францияның теннистен ашық чемпионатының («Роллан Гаррос») Twitter желісіндегі ресми парақшасында Елена Рыбакина туралы видео жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Роликте Рыбакина туралы мәлімет және 2020 жылғы жетістіктері туралы айтылды.
«21 жастағы Елена Рыбакина - WTA рейтингінде 18-орын. Қазақстаннан шыққан болашақ жұлдыз өткен жылмен салыстырғанда 154 орынға көтерілді. 2020 жылы он турнирдің бесеуінің финалында ойнады. 28 жеңіс - 2020 жылғы ойыншылар арасында ең үздік көрсеткіш. Негізгі мақсаты: «Әлемнің бірінші ракеткасы болу және «Үлкен шлем» турнирін жеңу» (Рыбакинаның сөзі). Рыбакина «Роллан Гарроста» өз талантын көрсетуге дайын», - делінген видеода.
Айта кетейік, Рыбакина румыниялық Сорана Кырстюді 6:0, 6:3 есебімен жеңіп, «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына шықты.