23 маусым күні Халықаралық Олимпиада күні тойланады. Бұл күні әрбір адам спорттың бай тарихына үлес қоса алады. Әлемнің көптеген елінде мереке айтулы датадан бұрын тойлана бастайды, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің әр аймағы Олимпиадалық қозғалысты дамытуға өз үлесін қосып келеді. Бәрімізге ортақ тарих жаңа тараулармен тағы да толыға түсуде. 23 маусымға дейін біз Қазақстанға ғана емес, барша әлемге танылған спортшылар мен аймақтарды тілге тиек етеміз.
Арнайы материалдар сериясын даңқты спортшыларды дүниеге әкелген Жамбыл облысы бастайды. Еліміздің оңтүстігінде грек-рим күресінен қазақтың әйгілі балуаны, аңызға айналған тұлған, Олимпиада чемпионы әрі КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің кіндігін кесілді.
Оның ең үлкен жеңісі – Олимпиада ойындарының алтыны. Үшкемпіров 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиаданың чемпионы атанды. Спортшының өзі талған Олимпиада оның чемпион атанатын соңғы мүмкіндігі екенін айтқан болатын. Ол өз міндетін толық орындады. Жақсылық Үшкемпіров спорттық мансабын аяқтаған соң еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, қазақстандық балуандардың әлемдік жарыстарға дайындалуына үлес қосты.
Бұл облыс әр жылдары елімізге үш Олимпиада чемпионын сыйлады. Боксшылар Ермахан Ибраимов (2000) пен Бахтияр Артаев (2004), сондай-ақ, КСРО құрамасы сапында футболшы Евгений Яровенко (1988) чемпион атанды.
Аймақтағы бокс мектебінің атағы алысқа кеткен. Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетовтер Олимпиада ойындарына қатысып, жүлдегер атанған.
Дзюдошы Елдос Сметов те Жамбыл облысының спорт тарихында үлкен із қалдырған. Ол Олимпиада ойындарында екі рет тұғырға көтерілді. 2016 жылы күміс медаль иеленсе, 2020 жылы қолаға қол жеткізді.
Қаһармандар арасында еркін күрес шеберлері де бар. Ислам Байрамуков 2000 жылы Сидней Олимпиадасында күміс алса, араға 12 жыл салып Ақжүрек Таңатаров Лондон ойындарында қола жүлдегер атанды.
Ал алдағы Париж ойындарында Жамбыл облысынан боксшы Асланбек Шымбергенов бақ сынайды.
Әрине, Жамбыл облысынан шыққан Олимпиада медалінің иегерлері одан әрі артатынына сенімдіміз.
1948 жылы Санкт-Морицада өткен ХОК-тің 42-сессиясында Халықаралық Олимпиада комитеті жыл сайын 23 маусымда Халықаралық Олимпиада күнін өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл 1894 жылы 23 маусымда ХОК-тің құрылған күнін есте сақтау үшін жасалған қадам. Дәл сол күні Олимпиадалық қозғалысты бастаған барон Пьер де Кубертен халықаралық атлетикалық конгрестің алдында өзінің тарихи баяндамасын жариялаған болатын.