23 маусым – Халықаралық Олимпиада күні. Бүкіл әлем бойынша тойланатын атаулы датаға Қазақстан спортшыларының да қатысы бар, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Еліміздегі үшінші мегаполистен талай танымал спортшылар түлеп ұшты. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері мен жазғы ойындарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар да бар.
Шымкенттен шыққан әйгілі спортшылар көшін Әлия Юсупова бастап тұр. Қазақ көркем гимнастикасының ханшайымы ел намысын екі Олимпиадада абыроймен қорғады. Афиныда (2004) төртінші, Бейжің ойындарында (2008) бесінші орын алған ол аталған спорт түрінің елімізде кеңінен таралуына үлес қосқан тұлға. Спорттағы мансабында Азияның абсолютті чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанған Әлия Мақсұтқызы бүгінде Қазақстан гимнастика федерациясын басқарады. Одан бөлек, көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері міндетін адал атқаруда. Юсупованың жетекшілігімен отандық гимнастика өкілдері бірде-бір Олимпиададан тыс қалған жоқ. Париждегі Олимпиадаға шәкірті Эльжана Таниева жолдама жеңіп алды.
«Олимпиада күні біз үшін өте маңызды мерекелердің бірі. Әр спортшы, әр бапкер Олимпиадаға барсам, олимп шыңын бағындырсам деп армандайды. Тіпті, үйірме есігін енді ашқан балақайларды да ата-анасы Олимпиадаға барса деген үмітпен алып келеді. Кішкентай балақайлардан ел намысын қорғайтын абыройлы азамат, мықты спортшы өсіп шыққанын қалайды. Олимпиадаға қатысу – үлкен жауапкершілік, үлкен міндет. Осы жолда жүрген барша спортшыға сәттілік тілеймін! Еліміздің атын асқақтататын атлеттер көбейе берсін», - дейді Юсупова.
Шымкент қаласынан шыққан Олимпиада жүлдегерлері қатарында каратэшілер Дархан Асаділов пен Софья Берульцева бар. Екі спортшы да Токио ойындарында қола жүлде иеленіп, каратэден өткен тұңғыш әрі жалғыз Олимпиаданың тарихында қалды.
«Олимпиада ойындарының атмосферасы тым бөлек. Біз қатысқан ойын карантин кезінде өтсе де, залда көрермен саны аз болса да, Олимпиаданың рухы бәрібір ерекше. Оның үстіне,біздің спорт тек бір ғана ойынның бағдарламасына енді. Сондықтан, мұндай мүмкіндікті жібермеу үшін бар күшімізді салдық. Қазір каратэ жазғы ойындардың бағдарламасынан шығып қалса да, Олимпиада күнінің маған тікелей қатысы бар. Себебі, төртжылдық додасында тұғырда тұру – үлкен бақыт», - дейді Софья Берульцева.
Шаңғы акробатикасының өкілі, шымкенттік Жанбота Алдабергенова ел намысын үш бірдей Олимпиадада абыроймен қорғаған. Оның қысқы ойындардағы ең үздік нәтижесі – Сочи Олимпиадасындағы алтыншы орын. Сондай-ақ, Алдабергенова әлем кубогі кезеңдерінде қола жүлде иеленіп, Еуропа кубогінде бірнеше рет топ жарды.
Каноэ есуден ағайынды Емельяновтар Қазақстан атын талай әлемдік жарыстарда шығарып жүр. Сергей Емельянов каноэде есуден Азия және Азия ойындарының чемпионы атанған. Ол алдағы Париж Олимпиадасында да бақ сынайды. Ал дзюдошы Александра Подрядова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында сынға түскен.
Балуандар мен боксшылардың да үлесі көп. Қайрат Ерәлиев 2017 жылы, Махмұд Сабырхан 2023 жылы бокстан әлем чемпионы атанса, Жайна Шекербекова әлем біріншілігінде күміс медаль алған. Сондай-ақ, шымкенттік Зәкір Сафиуллин Токио Олимпиадасында жұдырықтасты.
Грек-рим күресінің өкілі Мейржан Шермаханбет әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленіп, Азия чемпионы атанды. Ал Азия чемпионы Әлімхан Сыздықов Париж Олимпиадасында бақ сынайды.