Алматы қаласы: Олимпиада чемпиондары мен әйгілі Денис Тен туып-өскен аймақ

Алматы қаласы: Олимпиада чемпиондары мен әйгілі Денис Тен туып-өскен аймақ

23 маусым күні бүкіл әлем Халықаралық Олимпиада күнін атап  өтеді. Осы орайда, ел өңірлеріндегі спорт қаһармандары туралы материалдар тізбегін ұсынамыз. Қорытынды материалда Алматы қаласының атын шығарған спортшылармен таныстырамыз, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қаласы отандық спорттың өркендеуіне зор үлес қосты. Алатау баурайындағы спортшылар әлемдік жарыстар мен Олимпиада ойындарында тұғырдан көрінді. 

Жеңіл атлет Ольга Шишигина 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында топ жарды. Ол 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден чемпион атанды. Сондай-ақ, Шишигина әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, жабық ғимараттағы әлем чемпионатының жеңімпазы. 

Алматыдан шыққан тағы бір Олимпиада чемпионы – Дмитрий Баландин. Ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден чемпион атанды. Одан бөлек, Баландин Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, Универсиада жеңімпазы және Азия ойындарының үш дүркін қола жүлдегері. 

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанға Олимпиада мен әлем чемпионатының тұңғыш әрі тарихи жүлдесін сыйлаған Денис Тен Алматы қаласының тумасы. Денис мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, Төрт құрлық чемпионатының және қысқы Универсиаданың жеңімпазы. Спортшы 2018 жылы бұзақылар қолынан қаза тапты. 

Мерген Сергей Беляев Алматының атағын алысқа апарған спортшы. Ол нысана көздеуден Атланта Олимпиадасының екі дүркін күміс жүлдегері. Азия ойындарынан жалпы есебі 4 алтын, 2 күміс, 4 қола иеленген. 

Нысана көздеу спортының тағы бір жарқын өкілі Владимир Вохмянин Алматының атынан әлемдік жарыстарға қатысты. Ол Барселона және Атланта Олимпиадаларының қола жүлдегері, екі дүркін әлем, екі дүркін Еуропа чемпионы. Азия чемпионатының алтын жүлдегері. Жазғы Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншілеген. 

Спорттық гимнастиканың жарқын өкілі Милад Карими де Алматы тумасы. Карими спорттық гимнастикадан әлем чемпионатының қола жүлдегері (2023), Азия чемпионы (2024), Азия чемпионатының төрт дүркін күміс, төрт дүркін қола жүлдегері. Жазғы Универсиада жеңімпазы. Алдағы Париж Олимпиадасында Карими көпсайыстан өнер көрсетеді. Токио Олимпиадасында финалда өнер көрсетті. 

Спорттық гимнастикадан екі дүркін Азия чемпионы, әлем кубогінің бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері  - Нариман Курбанов. Нариман тұтқалы ат  снаряды бойынша Париж Олимпиадасына жолдама алды. Ханчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдегері (2023).

Семсерлесу шебері Эльмир Алимжанов та үздіктер қатарында. Эльмир шпагамен семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы  (2006), үш дүркін Азия чемпионы (2013). Лондон Олимпиадасының қатысушысы.  Жазғы Азия ойындарының 2 дүркін күміс, 3 дүркін қола жүлдегері. Париж Олимпиадасында Алимжанов жекелей және командалық сында бақ сынайды. 

Биатлоннан Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева мен еркін күрестен екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері Мхитар Манукян да Алматының атынан сынға түсті. 

Шаңғымен тұғырдан секіруден Лиллехамердегі Олимпиада ойындарының қатысушысы, бүгінде бапкерлік қызметті қолға алған Қайрат Биекенов та Алматы өңірінен. Оның жетекшілігімен Қазақстан 2011 жылғы Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, Илья Мизерных жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарды. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Грузия үкіметаралық комиссиясының 12-ші отырысына...

Бүгінгі таңда елдің энергетикалық қажеттіліктері өсіп, экологиялық талаптар күшейіп келе жатқанда, атом электр станциялары тиімді және сенімді шешім болып...