Олимпиада-2024: Боксшы Нұрбек Оралбай әлем мықтыларымен жұдырықтасады

Олимпиада-2024: Боксшы Нұрбек Оралбай әлем мықтыларымен жұдырықтасады

Боксшы Нұрбек Оралбай өз мансабында тұңғыш рет Олимпиадада бақ сынайды. Парижде ол 80 келі салмақтың кіл мықтыларымен күш сынасады, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Жазғы ойындарға Нұрбек әлем чемпионы статусында аттанады.  2023 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінің финалында ол Тоқтарбек Таңатқанды жеңді. Ал екі боксшы кейін Ханчжоудағы Азия ойындарында кездесіп, Тоқтарбек есе қайтарып үлгерді. Енді екі боксшы өзара мықтыны анықтау үшін Париж Олимпиадасының шаршы алаңында қолғап түйістіруі мүмкін. 

Сөз жоқ, Тоқтарбек бұл салмақтағы үздіктердің бірі және медаль алатын әлеуеті де зор. Бірақ бұл салмақтың көшбасшысы басқа адам. Ол – кубалық Арлен Лопес. Кубалық қабылан Олимпиаданың алтынын екі рет жеңіп алды. 2016 жылы Риода 75 келіде топ жарса, Токио ойындарында 81 келіде қарсылас шыдатпады. Әлем чемпионы кәсіби рингте де үш кездесу өткізіп үлгерді. Енді әйгілі кубалық боксшы Олимпиаданың үшінші алтынынан үмітті. 

Украиналық Александр Хижняк та бұл салмақтағы басты фавориттер қатарында. Әлем чемпионы атанған Хижняк үшін Токио ойындары сәтсіз аяқталды. Ол финалға дейін жетіп, алтын үшін айқаста бразилиялық Эберт Консейсаннан нокаутпен жеңілген еді. Бұл өкініш боксшыға маза бермейтіні де анық.  Енді әлем және Еуропа чемпионы Александр  Хижняк Парижге тек жеңіс үшін аттанады. Токио қателігінен сабақ алған боксшы бәрінен де қауіпті саналатыны тағы бар. 

2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, филиппиндік Эумир Марсьяль да Париж төрінде бақ сынайды. Жапония астанасында ол 75 келіде бақ сынайды. Сол салмақта әлем чемпионатының күмісін де еншіледі. Енді Эумир жаңа салмақта жарқырауда. Азия ойындарының күмісін иеленген ол Олимпиада шыңына тағы да шығуды мақсат етуде. Ол сөз жоқ, фавориттер қатарында. 

Жоғарыда аты аталған боксшылардың барлығы да әлемдік деңгейде танылып үлгерсе, өзбекстандық Тұрарбек Хабибуллаев көпшілікке беймәлім спортшы саналады. Ол негізгі құрамға жақында ілікті, ал жастар арасында әлем чемпионы атанған. Өткен Азия ойындарында қола медаль алған 20 жастағы спортшының қабілеті де жаман емес. Ол Олимпиадада тосынсый жасауы мүмкін.

Сондай-ақ, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Вандерлей Перейра (Бразилия), Азия чемпионы Хуссейн Ишаиш (Иордания), ӘЧ қола жүлдегері Сальваторе Кавальяро (Италия)  және біздің Нұрбек Оралбай мықтылар санатында. 

Сөз жоқ, 80 келідегі бәсекелестер деңгейі өте жоғары. Олимпиаданың сәнін келтіретін де осы бақталастық болмақ. Оралбайдың жеңіс тұғырына шығатын мүмкіндігі мол. Қазіргі әлем чемпионымен бәрі де санасады. Олимпиада медалі үшін Нұрбек те аянып қалмайды. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа май экстракциялық зауытының құрылысы аяқталды. Зауытта жылына 370 мың тонна майлы дақылдар өңделеді, деп...

Премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау,...

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар ұсынған өнімдер...