Түркістанға Ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы мақұлданды

Түркістанға Ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы мақұлданды

Бүгін Түркістанға Ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Сенатының екі оқылымында талқыланып, мақұлданды. Маңызды құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өзінің Facebook парақшасына жазды.

«Енді Түркістан еліміздің мәдени-рухани астанасы мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ заң жобасы шаһарды туристік орталық ретінде одан әрі дамытуға бағытталған. Басты мақсат — ғасырдан-ғасырға сақталып келе жатқан ескерткіштерді қорғауға алу және ұрпаққа жеткізу. Бұл бойынша археологиялық резерват құрылады.

Түркістан қала әкімдігі мен мәслихатына 44 түрлі жаңа өкілеттіктер беріледі. Арнайы сәулет жоспарлары әзірленеді. Қаланың дизайн коды дайындалады. Туристік әлеуетін халықаралық деңгейге көтеру жұмыстары жанданады. Осы заң шеңберінде Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қажеттілік үшін алынған жерлерге әлеуметтік нысандар салынады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жүргізіліп жатқан зерттеулер 3 жылды қамтыды. Биыл аяқталады. Қорытындысына қарай тиісті министрліктермен бірлесіп жұмыс атқарамыз.

Отырыс барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заң қолданысқа енгеннен кейін оны кең ауқымда іске асыру қажеттілігіне айрықша тоқталды. Түркістанның рухани мазмұнына ерекше мән беріп, елге танытуда тың бағытта белсенді әрекетке көшу керектігін атап айтты. Талқылау кезеңінде депутаттарды алаңдатқан сұрақтарға вице-министрлермен бірге жұмысшы топтың мүшесі әрі облыс әкімдігінің өкілі ретінде жауап бердім.

Түркістанға ресми мәртебе берілуі тек символикалық атаумен шектелмейді. Шаһар ежелден білім мен ғылымның, өркениет пен мәдениеттің ордасы болған. Енді жаңа заманның ағымына сай әлеуметтік-экономикалық, туристік, мәдени-рухани бағыттарда таныла түсетін болады. Осы орайда Түркістан жұртшылығына мәртебелі міндет пен ерекше жауапкершілік жүгі артылып отыр», - деп жазды Б. Тәжібаев.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында еліміздің өңірлерінде көлік желісін жаңғырту, жаңа оқушы орындарын ашу...

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 66-шы концерт маусымын бастады. Биылғы маусым көрнекті композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф...

Ұлытау облысының Жезқазған қаласында ерлер арасындағы XXXII жазғы және әйелдер арасындағы XII жазғы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар...

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан аумағының геологиялық тұрғыда зерттелу...