Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы мен инфрақұрылымдық көрсеткіштердің нақты жағдайын анықтау мақсатында ауқымды тексеру жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы алғашқы қадамды облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков лездемелік мәжілісте көтеріп, аудан-қала әкімдіктеріне берілген тапсырмалардың орындалу барысын қатаң бақылауға алу қажеттігін жеткізді.
Кездесуде жылыжай шаруашылығын дамыту, қарқынды бау-бақша отырғызу, үшжақты келісімдер бойынша индикаторлық көрсеткіштердің орындалу мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Басқарма басшылары нақты есептер мен жоспарларды ұсынып, жүзеге асып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Алайда қағаз жүзіндегі есеп пен шынайы жағдайдың арасы алшақ болуы мүмкін екенін ескерген Нұрбол Тұрашбеков арнайы жұмысшы топ құруды тапсырды.
Аталған жұмысшы топ облыстық басқармалардың өкілдерінен құралып, алдағы уақытта ауыл-аймақтарды аралап, жергілікті жердегі ахуалды көзбен көріп, нақты жағдайды бағалайды. Бұл тексеріс тек қағаздағы мәліметтермен шектелмей, әрбір ауылдағы шешімін күткен мәселелерге терең үңілуге бағытталған. Атап айтқанда, ағын суды тиімді әрі үнемді пайдалану, мал азығын дер кезінде дайындау, жайылымдық жерлерді халық игілігіне қайтару мәселелері басты назарда болмақ.
Облыс басшылығы бұл бастаманың уақыт талабына сай екенін алға тартады. Себебі ауыл шаруашылығы саласы — өңір экономикасының өзегі. Ағын су тапшылығы мен мал азығына қатысты мәселелер — тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыда да маңызды факторлар. Егер уақытында нақты шешімдер қабылданбаса, бұл салада көптеген қиындықтар туындауы мүмкін.
Жұмысшы топтың жүргізетін тексерістері нәтижесінде әрбір аудандағы нақты жағдай сарапталып, кемшіліктер анықталатын болады. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша облыс әкіміне тиісті есеп ұсынылып, салғырттық танытқан аудан немесе қала әкімдерінің жауапкершілігі қаралатын болады. Бұл өз кезегінде жергілікті билік өкілдерінің жұмысқа деген жауапкершілігін арттырып, халық алдындағы сенімді нығайтпақ.
Түркістан облысында басталған бұл тексеріс науқаны — қағаздағы есеппен емес, нақты әрекетпен нәтиже көрсетуге бағытталған. Ендігі кезекте бұл жұмыс ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге серпін беретініне сенім мол.

