Шымкентте кәсіпкерлік белсенділігі артып, жаңа өндірістер жолға қойылуда

Шымкентте кәсіпкерлік белсенділігі артып, жаңа өндірістер жолға қойылуда

Шымкент қаласында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. 2024 жылдың алғашқы төрт айында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 10,3%-ға өсіп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғарылаған. Сонымен қатар, осы уақытта өндірілген өнім көлемі 865,5 млрд теңгеге жетіп, 23,9%-ға артты. Бұл деректер өңірлік экономиканың негізін құрайтын шағын және орта бизнестің маңызын көрсетеді. Қазіргі таңда жалпы өңірлік өнімдегі бұл сектордың үлесі 57,5%-ға жетті.

Қалада бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастыру мен өндірістік қуатты арттыру бағытында нақты шаралар қолға алынған. Шағын өнеркәсіп аймақтарын дамыту шеңберінде үш жаңа жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында 150-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, кемінде 500 адам жұмыспен қамтылуы жоспарланған. Мұндай бастамалар қаланың экономикасын әртараптандыруға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге елеулі ықпал етеді.

Шымкенттің өндірістік инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Бұған дейінгі 5 өндірістік алаңға қосымша 438 гектар аумақта орналасқан «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриялық аймақтары қосылды. Осылайша, қалада бүгінде жалпы 7 өндірістік алаң белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл аумақтарда жаңа зауыттар мен цехтар бой көтеріп, өнім өндірісінің жаңа бағыттары іске асырылып жатыр.

2025–2030 жылдар аралығында іске асырылатын 212 ірі жобаның тізімі дайындалды. Аталған жобалардың жалпы инвестициялық құны 4,9 трлн теңгені құрайды. Жобалар нәтижесінде 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл қала экономикасының өсуіне және халықтың табысын арттыруға септігін тигізеді.

Инвесторлар қатарында отандық кәсіпкерлермен қатар шетелдік компаниялар да бар. Мәселен, түркиялық капиталдың қатысуымен «Alsera KZ» және «Fabe Agro» заманауи жылыжай кешенін салуды қолға алса, отандық «Intertrans» ЖШС полипропилен мен алкилат өндіретін жобаны іске асыруда. Сондай-ақ, Қытайлық «Shaanxi Construction Kazakhstan» ЖШС қалдықтарды энергетикалық мақсатта өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр.

Шымкентте кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің осындай серпінді дамуы – қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және өңірлік экономиканы нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...