Түркістанда жаңа зауыттар мен өндіріс орындары ашылып жатыр

Түркістанда жаңа зауыттар мен өндіріс орындары ашылып жатыр

Соңғы жылдары Түркістан облысында экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасын тауып отыр. Биылғы жылдың жеті айында облысқа тартылған инвестиция көлемі 694,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133,8%-ға артқан. Бұл көрсеткіш облыстың инвестициялық тартымдылығы мен инфрақұрылымдық әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді. Тартылған қаражаттың 72,3 пайызы жеке инвестиция болып табылады, бұл бизнестің мемлекеттік бағдарламаларға сенім артып, өңір экономикасына белсенді қатысып жатқанын көрсетеді.

Облыс аумағында қазіргі таңда бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Соның ішінде ауыл шаруашылығына бағытталған өндірістер — басты назарда. Түркістанда мақта, күріш және өсімдік майын қайта өңдейтін зауыттар салынып жатыр. Бұл кәсіпорындар ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ, сүт өнімдерін шығаратын зауыт және ірі қара малға арналған сүт-тауарлық ферманың құрылысы жоспарда бар. Бұл жобалар ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ауыл экономикасын жандандыруға серпін береді. Бұған қоса, өңірде полиэтилен мен крахмал негізіндегі биологиялық ыдырайтын пластикалық бұйымдар өндірісі, органикалық қалдықтарды қайта өңдеу зауыты, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын өндіріс ошақтары да қолға алынуда. Мұндай экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және инновациялық жобалар қоршаған ортаға зиян келтірмей, заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік береді.

Индустриалды даму тек ауыл шаруашылығымен шектелмейді. Құрылыстың барлық бағыттарын қамтитын кірпіш зауыты, металл конструкцияларын шығаратын өндіріс, автоматтандырылған жүйелер негізінде жұмыс істейтін өндірістік нысандар да іске қосылады. Бұл жобалар іске асқанда өңірде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты табыс көзі артады.

Облыс әкімдігі бұл жобалардың әрқайсысын жеке бақылауға алып, жүзеге асыру барысын жүйелі қадағалап отыр. Күні кеше облыс әкімінің төрағалығымен өткен Өңірлік инвестициялық штаб отырысында барлық бастамалар мен іске асып жатқан жобалардың жай-күйі талқыланды. Отырыс барысында нақты тапсырмалар беріліп, аудан және қала әкімдеріне, басқарма басшыларына жобалармен тікелей жұмыс істеу, инвесторларға қолдау көрсету міндеті жүктелді.

Отырыста ерекше назарға алынған жобалардың бірі — Түркістан қаласында салынып жатқан қуаттылығы 27,6 мегаватт болатын газпоршенді жылу электр станциясы. Бұл жоба қала мен маңайдағы елді мекендерді сапалы энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Инвесторлардың жобаларды жүзеге асыруына кедергі келтіретін инфрақұрылымдық мәселелер де штаб отырысында көтерілді. Облыс әкімдігі тарапынан инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, жер телімдерін рәсімдеуге, инженерлік желілерді тартуға қажетті барлық қолдау көрсетілетін болды. Билік пен бизнес арасындағы осындай тығыз әріптестік қарым-қатынас – өңірдің инвестициялық ахуалын жақсартудың негізгі факторы.

Өңірде инвестиция тарту жұмыстары әрі қарай да жүйелі түрде жалғасады. Жаңа өндірістердің іске қосылуы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беріп, тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне жол ашады. Бұл — халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...