Сарыағаш ауданында инфрақұрылымды жақсарту, елді мекендердегі әлеуметтік жағдайды көтеру мақсатында бірқатар жүйелі жобалар қолға алынған. Соның ішінде ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар аудан көлемінде тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Бұл – өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылдық округіне қарасты елді мекендерде ауыз су құбырының құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде орындалып жатыр және әрбір елді мекен үшін жобалар жеке-жеке әзірленіп, жүзеге асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сарқырама, Қарабау, Жібек жолы және Зортөбе елді мекендерінде жүргізіліп жатқан жобалар – осы бағыттағы ірі бастамалардың бір парасы ғана.
Сарқырама елді мекенінде ауыз су құбырын тарту жобасы аясында жалпы ұзындығы 14,5 шақырым болатын желі салынуы тиіс. Қазіргі таңда оның 10,5 шақырымы толық тартылып, негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Бұл жобаны тәжірибелі «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Аталған мердігер мекеме тарапынан құрылыстың сапасына, уақтылы орындалуына және тұрғындар үшін кедергі келтірмеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Қарабау елді мекенінде де осы бағыттағы жұмыстар біршама ілгеріледі. Мұнда тартылып жатқан су құбырының жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайды. Бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстарының 85 пайызы орындалған. Бұл көрсеткіш аталған жобаның да уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды. Қаражаттың тиімді жұмсалуы, мердігер ұйымның жауапкершілігі және жергілікті атқарушы органдардың үйлестіру жұмыстары нәтижесінде бұл елді мекен жақын арада таза ауыз сумен толық қамтылатын болады.
Жібек жолы елді мекенінде ауыз су мәселесін шешу мақсатында 80,1 шақырым құбыр тарту жоспарланған. Бұл – бір ғана елді мекен үшін өте ауқымды көрсеткіш. Аумақтың кеңдігі мен тұрғындарының көптігіне байланысты мұндағы құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңге бөлінген. Қазірдің өзінде алғашқы бөлігінің құрылысы басталып, материалдар жеткізіліп, инженерлік дайындық жүргізілуде. Сонымен қатар, Зортөбе елді мекенінде де ұзындығы 35,4 шақырым болатын ауыз су құбырларын тарту жұмыстары қолға алынған. Аталған жобалар аясында су қоймаларының құрылысы да қатар жүргізіліп, бүгінде толығымен аяқталған. Бұл қоймалар болашақта үздіксіз әрі тұрақты ауыз су беру жүйесінің негізгі элементі болмақ.
Жалпы, бұл бастамалардың барлығы өңір тұрғындары үшін үлкен маңызға ие. Су – тіршілік көзі. Ауыз су тапшылығы – әлеуметтік-экономикалық дамуға кедергі келтіретін басты мәселелердің бірі. Сондықтан да жергілікті билік бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөліп отыр. Ауыз судың сапасы мен қолжетімділігі – тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні анық. Осы орайда жүргізіліп жатқан жұмыстар Сарыағаш ауданын ауыз сумен қамтылған елді мекендердің қатарына қосуға үлкен үлес қосады.
Су құбырының құрылысы барысында жергілікті тұрғындардың пікірлері де ескеріледі. Құрылыс барысында келтірілген уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, алдағы нәтижеге зор үмітпен қарайтын халық жобалардың сапалы әрі тезірек аяқталуын күтуде. Бұл жобалар іске қосылған кезде елді мекендерде ауыз судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етіліп, халықтың тұрмыс деңгейі артады.
Алдағы кезеңде осыған ұқсас жобалар ауданның басқа да елді мекендерінде жүзеге асырылуы жоспарланып отыр. Ауыз сумен қамту – ұзақ мерзімді стратегияны талап ететін бағыт. Бірақ Сарыағаш ауданында бұл жұмыс жүйелі жолға қойылған. Инженерлік инфрақұрылымның дамуы, заманауи су тарту технологияларының енгізілуі және кәсіби кадрлардың жұмылдырылуы нәтижесінде Сарыағаш аумағы ауыз сумен толық қамтылған өңірлер қатарына енеді деген сенім мол.

