«Qyzylorda Jastar Fest» – жастарды біріктірген жарқын мереке

«Qyzylorda Jastar Fest» – жастарды біріктірген жарқын мереке

Қызылорда қаласында Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Qyzylorda Jastar Fest» мерекелік гала-концерті жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың шығармашылығы мен белсенділігін арттырған маңызды шаралардың біріне айналды. Мерекелік кеш шығыс жастарының жалынды жетекшісі болған Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне тағзым ету, гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұл – тарихқа тағзым білдіру ғана емес, ұрпаққа өнеге боларлық рухани сәт болды.

Шара әрі қарай спорттық сайыстармен жалғасын тапты. Қаланың белсенді жастары түрлі спорт түрлерінен бақ сынасып, салауатты өмір салтын дәріптеудің жарқын үлгісін көрсетті. Әсіресе, командалық жарыстар мен ұлттық спорт элементтерін қамтыған ойындар жастардың ұйымшылдығы мен сергектігін танытты.

Кештің шарықтау шегі – концерттік бағдарламада аймақтың жас өнерпаздары мен белгілі әншілері сахна төрінде өз өнерлерін паш етті. Заманауи әуендер мен ұлттық нақыштағы әндер үйлесім тауып, көрермендерді бір сәтке ерекше эмоцияға бөледі. Жас таланттардың өнер көрсетуі Сыр өңірінің мәдени әлеуетінің жоғары екенін тағы бір дәлелдеді.

Сондай-ақ, заманауи би сайыстары мен түрлі шығармашылық байқаулар кештің мазмұнын байыта түсті. Қатысушылар өз өнерлерін ортаға салып, белсенділік танытты. Жеңімпаз атанған жастарға қала әкімінің арнайы Алғыс хаттары мен марапаттары табысталды. Бұл – олардың еңбегіне берілген әділ баға және болашаққа деген сенімді арттыратын маңызды қолдау.

«Qyzylorda Jastar Fest» – бұл жай ғана концерт емес, жастарды біріктіретін, олардың дарыны мен бастамаларына серпін беретін үлкен алаң. Осындай ауқымды іс-шаралар – жастар саясатын жүзеге асырудағы нақты қадамдардың бірі. Болашаққа нық сеніммен қадам басқан жас буын үшін бұл кеш – ұмытылмас әрі шабыт сыйлаған маңызды оқиға ретінде есте қалары сөзсіз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...