Қызылорда облысының Шиелі ауданында Қазақстан Республикасының Конституция күні мен Білім күніне орай жастар үшін маңызды екі жаңа нысан – 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» салтанатты түрде ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыс прокуроры және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі жиынға жиналғандарды жаңа оқу жылының басталуымен және Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, бұл білім мен тәрбиеге арналған жаңа нысандардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл – жастардың жан-жақты дамуына жол ашатын маңызды қадам.
Жалпы құны 1 млрд 68 млн теңге болатын жаңа кешендер – өңірдің білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жүйелі саясаттың жемісі. «Оқушылар үйінде» 28 түрлі бағыттағы үйірме, ал «Өнер мектебінде» 8 үйірме жұмыс істейтін болады. Бұл үйірмелер балалардың шығармашылық қабілетін ашып, тұлғалық дамуына үлес қосатыны сөзсіз.
Салтанатты ашылу барысында аймақ басшысы өңірдің мәдениеті мен ғылымына үлес қосқан тұлғаларды атап өтті. Ол бұл жаңа орталықтардан болашақта Асқар Жұмаділдаев, Мейірбек Сұлтанхан сияқты Сыр өңірінің атақты тұлғаларының ізбасарлары шығатынына сенім білдірді.
Шара аясында нысан құрылысына атсалысқан мердігерлер мен әлеуметтік дамуға үлес қосқан азаматтарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, білім саласының ардагері Кенжетай Палмағанбетов батасын беріп, жас ұрпаққа ақ тілегін жеткізді.
Айта кету керек, соңғы үш жылда Қызылорда облысында білім саласына 812 млрд 245 млн теңге бөлінсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 346 млрд 800 млн теңгені құрап отыр. Осы уақыт аралығында 4 «Оқушылар үйі» мен 2 «Өнер мектебі» бой көтеріп, қосымша білім беру жүйесін кеңейтуде. Бұл жұмыстар жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттырып, болашаққа сенімді қадам жасауына мүмкіндік бермек.

