«Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жүзеге асуда

«Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жүзеге асуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы еліміздің барлық өңірлерінде кең көлемде жүргізіліп келеді. Түркістан облысында бұл бағытта бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен тұрмыстық қалдықтарды басқару ісінде оң өзгерістер байқалуда. Өткен аптада облыс аумағында 209 тазалық шарасы өткізіліп, оған 59 мыңнан астам адам қатысып, 189 тонна қоқыс арнайы полигондарға шығарылған. Бұл мәлімет Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жарияланды.

Жиында облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, тазалық жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Елді мекендердің ішкі көшелерін, өзен-көл жағалауларын және саябақтарды жүйелі тазарту, тұрмыстық қалдықтарды рұқсатсыз төгу фактілерін анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тарту қажеттігі айтылды. Облыс басшысы әкімдердің өз міндетіне салғырт қарауына жол берілмейтінін ескертті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізілген жұмыстар туралы баяндама жасап, бағдарламаны тиімді іске асыру үшін кең ауқымды насихат және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бүгінгі күнге дейін «TazaQazBot» жүйесіне 3 029 өтінім келіп түссе, оның 3 022-сі орындалып, қалғаны қаралуда. Бұл — тұрғындардың экологиялық мәселелерге белсенді араласып отырғанының айғағы.

Экологиялық тәртіпті сақтау мақсатында қоғамдық орындарда санитарлық нормаларды бұзған тұлғаларға қатысты биылғы жылдың өзінде 23 538 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 498 млн теңгеге айыппұл салынған. Оның 269 млн теңгесі өндіріліп үлгерген. Бұл көрсеткіштер экологиялық құқықбұзушылықтарға қатысты бақылау шараларының нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, Түркістан қаласы аумағында апта сайын мониторинг жүргізіліп, тазалыққа қатысты нақты әрекеттер қолға алынуда. Жуырда өткен рейдтік іс-шара барысында «Яссы» секторында бейберекет тасталған қоқыс орындары анықталып, жойылды. Мұндай бақылау шаралары барлық аудан мен қала аумағында тұрақты түрде жүргізілмек.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар тек санитарлық тазалықпен шектелмейді. Бұл бастама — қоғамда экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді бағдарлама. Тұрғындарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндеу – бұл бағдарламаның басты құндылығы. Облыста өткен әрбір сенбілік, ұйымдастырылған экошаралар және жүзеге асырылған инфрақұрылымдық жобалар осы мақсатқа қызмет етуде.

Осы тұрғыда Түркістан облысында тазалыққа қатысты қоғамның белсенділігі мен әкімдіктердің үйлесімді жұмысы нәтижесінде өңір біртіндеп экологиялық тұрғыдан таза әрі жайлы өмір сүруге қолайлы аймаққа айналып келеді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, мұндай жұмыстардың сапалы әрі үзіліссіз жалғасуы қамтамасыз етілуі тиіс. Қоғамдық бақылау мен тұрғындардың тікелей қатысуы арқылы экологиялық тәртіпті жүйелі түрде жолға қоюға толық мүмкіндік бар.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...