Түркістан облысы табиғи ресурстарға бай, тарихи-мәдени және экологиялық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі ретінде экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды басты бағдар етіп келеді. Соңғы жылдары облыс көлемінде жасыл экономика қағидаттарын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, қоршаған ортаға зиянын азайтып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жолға қойылуда.
Жасыл экономиканың негізгі принциптері – энергияны үнемдеу, жаңартылатын қуат көздерін енгізу, қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды қайта өңдеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл қағидаттар Түркістан облысының даму бағдарламаларына жүйелі түрде енгізіліп, мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Облыс әкімдігі мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы аймақтық экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды қолға алып отыр.
Бүгінде Түркістанда күн және жел энергиясын пайдалану тәжірибесі кеңейіп келеді. Түркістан қаласының жаңа әкімшілік және қоғамдық ғимараттары жобалау сатысында-ақ энергия тиімділігі талаптарына сай жасақталады.
Өңірде су ресурстарын үнемді пайдалану мен ауыл шаруашылығында тамшылатып суару технологияларын енгізу де басты назарда. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кооперативтер заманауи тәсілдерге көшіп, өнімділікті арттыра отырып, табиғатқа зиянын тигізбеудің амалын қарастыруда. Қазығұрт, Жетісай, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында фермерлер жаңа су үнемдеу құрылғыларын пайдаланып келеді. Бұл экологиялық тұрақтылыққа қосылған үлкен үлес болумен қатар, әлеуметтік-экономикалық тиімділікке де жол ашады.
Түркістан облысында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу ісі де жүйелі қолға алынуда. Қалалар мен аудан орталықтарында арнайы қоқыс жәшіктері жаңартылып, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениеті қалыптаса бастады. Түркістан қаласында тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындар ашылып, қалдықтарды екінші рет кәдеге жарату жобалары қолдау тапты. Бұл табиғи ресурстарды сақтауға, жердің ластануын азайтуға, экологиялық ахуалды жақсартуға тікелей әсер етеді.
Жасыл экономика тек өндіріс пен инфрақұрылым саласында емес, сонымен қатар туризм бағытында да айқын көрініс табуда. Облыста экотуризмді дамытуға басымдық беріліп, табиғи аймақтар мен экологиялық нысандарға туристер ағынын арттыру көзделуде. Бұл бағытта Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі, Ақсу-Жабағылы қорығы, Боралдай таулары мен басқа да табиғи мұралар экотуризм орталықтарына айналып келеді. Жергілікті тұрғындар этноауылдар ашып, экологиялық таза өнімдер мен қызметтер ұсыну арқылы өңірдің экономикасына оң әсер етіп отыр.
Жергілікті билік өкілдері мен қоғамдық ұйымдар экологиялық мәдениетті көтеруге де көп көңіл бөлуде. Мектептер мен балабақшаларда экосағаттар, сенбіліктер, жасыл аймақтар мен гүлзарлар жасау акциялары өткізіліп келеді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мыңдаған адам бірігіп тазалық шараларына қатысып, ағаш егу мен қоқыс алаңдарын жоюға атсалысуда. Бұл шаралар қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттырып, тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге ықпал етуде.
Жасыл экономика қағидаттарын енгізу Түркістан облысында экологиялық тұрақтылықпен қатар, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және өңірдің халықаралық имиджін көтеруге бағытталған маңызды қадам болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасып, Түркістанды экологиялық тұрақты әрі инновациялық дамыған өңір ретінде қалыптастыру мақсаты нақты жүзеге аспақ.

