Еңбегімен өрілген ғұмыр – Сауле Сарымсакованың өмір жолы

Еңбегімен өрілген ғұмыр – Сауле Сарымсакованың өмір жолы

Сауле Тұрдашқызы Сарымсакова – өз өмірін еңбекпен өрген, табандылығы мен адалдығының арқасында абыройға жеткен жан. Бүгінде ол Шымкент станциясындағы атқыштар командасы бастығының орынбасары қызметін атқарып келеді. Оның өмір жолы – еңбекқорлық пен төзімділіктің, мақсатқа деген сенімнің жарқын үлгісі.

Сауле Тұрдашқызы 1967 жылы 24 тамызда Түркістан облысы, Сайрам ауданының Қайнарбұлақ ауылында дүниеге келген. Көпбалалы қазақ отбасында өскен ол жастайынан еңбекке баулынды. «Әкем мен анам әрдайым адал еңбектің қадірін үйретті. Сол тәрбие өмір бойы менің серігім болды», – дейді ол. Бала күнінен үй шаруасына араласып, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық танытуды үйренген Сауле Тұрдашқызы үшін еңбек – өмірдің ажырамас бөлігіне айналды.

Орта мектепті тәмамдаған соң, ол 1984 жылы Шымкенттегі Республикалық «СЖК» зертханасында қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. Жас болса да, әр жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарып, ұжымның сеніміне ие болды. «Жұмыстың қиындығына қарамай, ең бастысы – өз ісіңді сүйе білу керек екенін сол кезде түсіндім», – дейді Сауле апай өткенді еске алып.

Білімге деген талпыныс оны Алматыға жетеледі. 1985 жылы Жамбыл технологиялық институтының филиалына оқуға түсіп, инженер-технолог мамандығын меңгерді. Оқу жылдары оңай болған жоқ, бірақ ауылдан келген бойжеткен білімге деген құштарлығының арқасында жоғары оқу орнын сәтті тәмамдайды. «Студенттік жылдар маған көп нәрсе үйретті. Тәжірибе мен табандылықты сол кезде қалыптастырдым», – дейді ол.

1990 жылы оқуын аяқтаған соң, елге оралып, консерві зауытында технолог болып еңбек етті. Кейін «Сырдария тоған шаруашылығында» бухгалтер-экономист лауазымында қызмет атқарып, кәсіби біліктілігін арттыра түсті. Әр салада жұмыс істей жүріп, ол адалдық пен тәртіпті басты қағида етіп ұстанды.

2000 жылдан бастап Сауле Тұрдашқызының өмірі «ӘТЖК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тығыз байланысты. Алғашында күзетші болып еңбек жолын жалғастырған ол жылдар өте келе тәжірибе жинап, қызметтік сатылардан көтеріле білді. Қазіргі таңда ол Шымкент станциясындағы атқыштар командасы бастығының орынбасары. «Бастапқыда қарапайым күзетші болдым. Бірақ еңбектен қашпадым, өз ісіме адал болдым. Сол еңбектің арқасында бүгін басшылық қызметтемін», – дейді ол.

Сауле Тұрдашқызы үшін отбасы – өмірдің мәні мен тірегі. Жолдасымен бірге бір ұл өсіріп, бүгінде төрт немересінің ардақты әжесі атанып отыр. «Немерелерімнің күлкісі – өмірімнің қуанышы. Олар менің ең үлкен жетістігім», – дейді ол шын көңілмен.

Сауле Сарымсакованың өмір жолы – қарапайым еңбектің ұлылығын дәлелдейтін мысал. Ол қай қызметті атқарса да, әрдайым адалдықты ту етіп, жұмысына тиянақтылықпен қарайды. Еңбекке деген сүйіспеншілік пен жауапкершілігі оны ұжым арасында сыйлы, сенімді маман етті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...