Сайлаубек Дана Бахтиярқызы – медицина саласында өз орнын тапқан, кәсібін жүрекпен сүйіп, әріптестерінің сеніміне ие болған білікті маман. Ол бүгінде Шымкент қалалық қан орталығының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі ретінде қызмет атқарады. Дана ханымның еңбек жолы – адалдықтың, еңбексүйгіштіктің және әділдікке деген ұмтылыстың айқын көрінісі.
Бала кезінен еңбекке бейім болып өскен ол, адамдарға көмектесуді өмірлік қағидасына айналдырды. «Кішкентай кезімнен біреуге қол ұшын созу – мен үшін табиғи нәрсе еді. Сол қасиет менің мамандық таңдауымда шешуші рөл атқарды», – дейді Дана Бахтиярқызы. Сондықтан ол дәрігерлік жолды таңдады.
Медицина университетінде оқып жүрген кезінде-ақ ол алдына үлкен мақсат қойды – жақсы маман ғана емес, әділ басшы, ұжымның қорғаны болу. Бұл ниет жылдар өте нақты ісімен дәлелденді. Бүгінде сегіз жылдық тәжірибесі бар Дана Бахтиярқызы қан қызметін ұйымдастыру мен үйлестіруде жоғары жауапкершілікпен жұмыс істейді.
Алайда оның кәсіби жолының ерекше тұсы – кәсіподақ қызметі. 2017 жылы ол алғаш рет кәсіподақ құрамына қосылды, ал үш жылдан бері Шымкент қалалық қан орталығындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы. «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының құрамындағы бұл ұйымның басты миссиясы – қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау.
Қазіргі таңда Дана ханым 156 қызметкердің мүддесін қорғайды. «Қызметкерлердің үні естілмесе, әділдік болмайды. Ал әділдік үшін күресу – кәсіподақтың басты міндеті», – дейді ол. Осы сеніммен ол талай мәселенің шешімін тауып, әріптестерінің жағдайына шынайы көңіл бөледі.
Әріптестері оны «жанашыр басшы» деп сипаттайды. Себебі ол тек құжатпен шектеліп қалмай, әрбір қызметкердің жағдайын жеке біледі. Кімге көмек қажет, кімнің мәселесі бар – барлығына шын ниетпен қол ұшын созады. Мұндай жауапкершілік пен адамгершілік оның ұжымдағы беделін арттыра түскен.
Дана Бахтиярқызының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Қазақстан Республикасының қан қызметінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «SENIM» кәсіподағының Құрмет грамотасымен және «AMANAT» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталған. Бұл марапаттар – оның қажырлы еңбегінің және ұжым алдындағы адалдығының нақты бағасы.
Биыл Дана ханым үшін ерекше жыл болды. Ол Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезіне ресми делегат болып сайланды. Бұл – жеке жетістік қана емес, тұтас қан орталығы ұжымының сенімі мен қолдауының нәтижесі. 156 қызметкердің атынан ел деңгейіндегі жиынға қатысу – зор жауапкершілік пен құрмет.
Сайлаубек Дана Бахтиярқызының еңбек жолы – кәсіподақтың шынайы мәнін айқындайтын мысал. Оның тәжірибесі көрсеткендей, кәсіподақ тек жұмыс орнында емес, өмірдің әр саласында қызметкердің мүддесін қорғап, оның абыройын сақтайтын күшке ие.

