Шымкент мектептерінде қауіпсіздік пен тегін тамақты бақылау толық цифрландырылды⁣⁣⠀

Шымкент мектептерінде қауіпсіздік пен тегін тамақты бақылау толық цифрландырылды⁣⁣⠀

Шымкент қаласында білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті күшейту және оқушыларды тегін тамақпен қамтуды тиімді ұйымдастыру мақсатында жасанды интеллектке негізделген «Айқын» ақпараттық жүйесі енгізілді. Аталған жүйе қаладағы барлық мектептерде орнатылып, оқу-тәрбие үдерісін басқарудың жаңа деңгейіне жол ашты.⁣⁣⠀

⁣«Айқын» ақпараттық жүйесі үш негізгі компоненттен тұрады. Атап айтқанда, бейнебақылау және деректерді талдау жүйесі, балалардың тамақтануын бақылауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен, сондай-ақ кабельді құрылымдық жүйе толықтай тартылған. Интеллектуалды платформа мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, өрт қауіпсіздігі, буллинг жағдайлары, сондай-ақ оқушылардың сабаққа қатысуын бақылауға мүмкіндік береді.⁣⁣⠀

⁣⁣Жоба аясында мектеп кабинеттері мен оқушы көп шоғырланатын аумақтарға 10 400 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, бұрыннан қолданыста болған 5 000 бейнебақылау жүйесімен біріктірілді. Барлық камералар Шымкент қаласы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Бұл оқу үдерісіне қатысушы жауапты тұлғаларға онлайн режимде бақылау, талдау және жедел шешім қабылдау мүмкіндігін береді.⁣⁣⁣⁣⠀

Сонымен қатар, 98 мемлекеттік мектепке 392 дана «Alaqan mektep» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды. Бұл жүйе арқылы оқушылар асханаға кірген сәттен бастап алақан биометриясы арқылы автоматты түрде тіркеледі. Нәтижесінде нақты көрсетілген қызметке ғана төлем жасалып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жол ашылды. 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында аталған жүйенің арқасында 540 млн теңге көлемінде қаржы үнемделді.⁣⁣⠀

Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарының желілік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1 миллион метрден астам құрылымдық кабель тартылды. Бұл мектептердегі цифрлық жүйелердің үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.⁣⁣⠀

Жалпы алғанда, «Айқын» жобасы білім беру саласындағы қауіпсіздік пен әлеуметтік қолдау шараларын жаңа технологиялар арқылы тиімді жүзеге асырудың нақты үлгісіне айналып отыр.⁣⁣⠀

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ