Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандыру жөніндегі одан арғы тәсілдер қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Өнімділікті арттырудың негізгі тәсілдері және өнеркәсіп нысандарын технологиялық жарақтандыру туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, «Бәйтерек» ҰИХ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, KazFoodProduckts компаниясының бас директоры Әлихан Талғатбек, шыны өндіретін OrdaGlass компаниясының өкілі Ғалымжан Қуатов баяндады.
«Мемлекет басшысы біздің алдымызға өнімділікті арттыру және технологиялық жаңару есебінен өсімді қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл экономикалық саясатты түпкі нәтижеге, яғни халықтың табысын ұлғайту және экономикалық дербестікті нығайтуға қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Дәл осы тұста өңдеу саласын әртараптандыру және оны белсенді дамыту маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті Премьер-министр.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін атап көрсетті. Жалпы ішкі өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі кен өндіруші сектордан асып түсті. Биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,4%-ға артты. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш (2025 жылдың қаңтар айында – 3,7%).
Премьер-министр осы қарқынды сақтап қана қоймай, одан әрі еселей түсу керектігін атап өтті. Жаңа кластерлерді құру өнімді жоғары деңгейде өңдеу жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Экономиканы әртараптандыру және өсім жоспарларын орындау үшін өндірістік қуаттарды арттырып, шикізаттық емес секторда терең өңдеуді дамытатын нақты іс-шаралар қажет.
Осыған байланысты Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға ең перспективті бағыттарды айқындап, мол өнім беретін әрі экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Аталған шаралар сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан экономиканың тұрақтылығын күшейтіп, экспорттық әлеуетті арттырады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға және ұзақмерзімді ұлттық мүдделерге сай келетін заманауи индустриялық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты өндірісті қолдау, инвесторларды тарту және озық цифрлық технологияларды іске қосу бағытында шаралар қабылдау қажеттігін айтқанын атап өтті.
Өнеркәсіп министрлігіне өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту тапсырылды. Кейбір бағыттар бойынша әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым. Яғни, бұл қосылған құнның негізгі бөлігі экономикамыздың аясынан тыс қалыптасып жатқанын білдіреді.
Премьер-министр жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қоюды тапсырды. Бұл орайда жинақтаушы бөлшектер шығару, локализация деңгейін арттыру, заманауи технологияларды қолдану, өндірісті автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне баса назар аудару керек
Сонымен қатар Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне бір ай мерзімде қайта өңдеу саласында қосылған құны және экспорттық әлеуеті жоғары өнімдер шығаратын жаңа өнеркәсіптік жобалардың нақты тізбесін ұсыну тапсырылды.
Іске қосылатын әр жоба өз алдына бөлек емес, экономикаға мультипликативті әсері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылуға тиіс. Салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер перспективті инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылымиен, ресурстармен, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуі керек.
Kazakh Invest компаниясына мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Бәйтерек» холдингімен бірге осы жылдың 1-ші сәуіріне дейін ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ете отырып, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жобалардың өзекті пулын қалыптастыру тапсырылды.
Бұл қолданыстағы жобаларға қолдау шараларын көрсету барысында жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде мұнай-газ химиясы өнімдерін өңдеу деңгейі төмен екенін атап өтті. Аталған сала өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бағыттарды дамытуға негіз болуға тиіс. Энергетика және Өнеркәсіп министрліктері «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, кейін отандық компаниялардың өңдеуіне қажетті ішкі нарыққа қолжетімді полимер шикізатын жеткізудің ашық әрі тұрақты шарттарын қамтамасыз етуі керек. Өнеркәсіп министрлігі полимер өнімдерін одан әрі өңдеуге арналған жобалардың нақты пулын ұсынуы қажет», — деді Олжас Бектенов.
Құрылыс саласы дәстүрлі түрде өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай үлес қосып келетіні, алайда, бұл салада, әсіресе нысандарды жеке қаржы көздерінің есебінен салу кезінде импорттық құрылыс материалдарының үлесі жоғары болып отырғаны атап өтілді. Өнеркәсіп министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ірі нысандарды, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық материалдардың үлесін тұрақты түрде қадағалап отыруы тиіс.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты құрылымында әлі күнге дейін астық пен ет сияқты шикізат түрлері басым. Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударды. Олжас Бектенов терең өңделген өнімдер шығаруға күш салу қажеттігін айтты. Қазірдің өзінде мұндай жобалар бар және олар тиімділігін көрсетіп отыр. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын бизнесті қолдау құралдарын кеңейтуді тапсырды.
Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктері айналым қаражатын несиелеу мерзімін екі жылға дейін ұзарту мәселесін шешуі қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу тиістігі атап өтілді.
Жалпы қабылданған шаралар кешені шикізат экспортына тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді деп күтілуде, ал өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру экономиканың ұзақмерзімді орнықты дамуы үшін негіз болады.

