Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында Жаңа Ата Заң жобасын түсіндіруге арналған жиын ұйымдастырылды. Іс-шараға орталықтың еңбек ұжымы мен қызмет алушылары қатысып, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жан-жақты мәлімет алды.
Жиын барысында Орталық Азия Инновациялар университеті Заң кафедрасының доценті Серік Жорабеков баяндама жасап, жаңа заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталды.
Баяндамашының айтуынша, құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыру, сондай-ақ қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелері басты назарға алынған. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағыттары кеңінен қамтылған.
– Жаңа редакция құқықтық мемлекеттің қағидаттарын нығайтып, әділетті қоғам қалыптастыруға негіз болады. Конституциялық өзгерістер азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, елдің құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге жол ашады, – деді Серік Жорабеков.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты әрі түсінікті жауаптар алды. Заңгер жаңа баптардың мазмұнын қарапайым тілмен түсіндіріп, алдағы референдумның маңыздылығына ерекше тоқталды. Жиын қорытындысы бойынша барлық қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдайтындықтарын білдірді.
TEN QOGAM әлеуметтік қолдау орталығы: Конституциялық өзгерістерді түсіндіруге арналған жиын өтті

