23 ақпан күні А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Ұрпаққа өнеге – Жамбыл шығармашылығы» атты әдеби кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Тағылымды шараның басты мақсаты – ақын мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, оның шығармаларындағы елдік рух пен отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау болды.
Кеш барысында көрермендерге ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған мазмұнды бейнеролик ұсынылып, оның жыр әлемінің тереңдігі мен тарихи маңызы кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар ақын поэзиясының көркемдік ерекшеліктері мен тәрбиелік мәні жайында баяндама оқылып, Жамбыл жырларының қазақ әдебиетіндегі айрықша орны жан-жақты сараланды.
Шара аясында Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің өкілі Бекзат Сәкенұлы Жамбыл жырларын нақышына келтіре орындап, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады. Ілесбек Бекарыс терме орындап, ұлттық өнердің тағылымды сипатын айқындай түсті. Батырбек Өтеп атындағы мектеп-интернатының оқушылары айтыс өнерін сахналап, суырыпсалмалық дәстүрдің өміршеңдігін көрсетті. Оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, шығармаларындағы рух пен жігерді терең сезіммен жеткізе білді. Сондай-ақ Сабыр Азаматтың орындауындағы күй кештің көркемдік мазмұнын байытып, рухани әсерін күшейтті.
Кеш соңында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сабырбек Нұрманұлы сөз алып, Жамбыл мұрасының ұлт тәрбиесіндегі орнына тоқталып, ақын шығармашылығының бүгінгі қоғам үшін де маңыздылығын атап өтті. Ол Жамбыл жырларындағы ел бірлігі, отаншылдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттердің жас ұрпақ санасында мәңгі сақталуы тиіс құндылықтар екенін ерекше атап өтті.
Тағылымды әдеби кеш көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, ұлттық рухты жаңғыртуға, тарихи тұлғалар мұрасын дәріптеуге бағытталған маңызды рухани шара ретінде өз мақсатына жетті. Ұрпаққа өнеге болған Жамбыл жыры мен асқақ рухы ұлт жадында мәңгі сақтала бермек.
«Ұрпаққа өнеге – Жамбыл шығармашылығы» атты әдеби кеш өтті

