Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Малайзия Сыртқы істер министрінің орынбасары Луканисман бин Аванг Саунимен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Малайзияны өңірдегі негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырады. Екі ел арасындағы 34 жылдан астам дипломатиялық қатынастар кезеңінде тұрақты, сындарлы және мазмұнды саяси диалог қалыптасты», – деп Ә.Бақаев атап өтті.
Тараптар саяси өзара іс-қимылды жандандыру перспективаларын, парламентаралық байланыстарды дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ білім беру, туризм және жоғары технологиялар салаларындағы байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар шарт-құқықтық базаны одан әрі жетілдіруге өзара қызығушылық расталды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы және Ислам ынтымақтастығы ұйымы шеңберіндегі өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды, оның ішінде көпжақты алаңдарда ұстанымдарды үйлестіру және бастамаларды өзара қолдау мәселелері қарастырылды.
Қазақстан тарапы малайзиялық серіктестерді Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қызметі туралы хабардар етіп, өңір мемлекеттерінің осы алаң жұмысына қатысуын кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Малайзия ынтымақтастығын дәйекті түрде дамытуға және өңірлік әрі жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тұрақты байланыстарды жалғастыруға өзара ниет білдірді.

