Хьюстон (АҚШ) – CERAWeek халықаралық энергетикалық конференциясы аясында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов S&P Global компаниясының вице-төрағасы, Пулитцер сыйлығының лауреаты Дэниел Ергинмен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесудің негізгі тақырыбы жаһандық энергетикалық нарықтағы өзекті сын-қатерлер, дәстүрлі логистикалық бағыттардың өзгеруі және инвестициялық ағындардың қайта бөлінуі болды. Тараптар ағымдағы макроэкономикалық жағдайдың трансұлттық корпорациялар стратегиясына әсерін жан-жақты талқылады.
Әңгіме барысында Ерлан Ақкенженов Қазақстанның халықаралық нарықтарды көмірсутек шикізатымен үздіксіз қамтамасыз етіп отырғанын, сонымен қатар жаңа транзиттік дәліздерді дамытып жатқанын атап өтті. Бүгінде ел үшін басым бағыт – терең өңдеу және мұнай-газ химиясы секторына америкалық және трансұлттық капиталды тарту.
«Жаһандық логистикалық тізбектер қайта қалыптасып жатқан жағдайда Қазақстан энергия ресурстарының сенімді әрі болжамды жеткізушісі болып қала береді. Біз халықаралық серіктестердің сенімін нақты технологиялық жобаларға және ел ішіндегі мұнай-газ химия кешенін дамытуға бағыттауға дайынбыз», – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Өз кезегінде Дэниел Ергин Орталық Азияның әлемдік энергетикалық картадағы маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Сарапшының пікірінше, Қазақстан өңірдегі тұрақтылықтың маңызды факторы ретінде ұзақ мерзімді халықаралық капитал үшін қолайлы әрі қорғалған инвестициялық ахуал қалыптастырып отыр.
Кездесу қатысушылары дәстүрлі және жаңартылатын энергетиканы қатар дамытудағы прагматикалық тәсіл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыратыны жөнінде келісті. Геологиялық барлау мен өңдеу саласына жаңа технологияларды тарту сұраныс пен ұсыныс теңгерімін сақтаудың негізгі шарты болып қала береді.
Кездесу қорытындысы бойынша Ерлан Ақкенженов пен Дэниел Ергин өңірлік және жаһандық макроэкономикалық үрдістерді сапалы талдау мақсатында сараптамалық диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Энергетика министрі S&P Global компаниясының вице-төрағасы Дэниел Ергинмен энергетикалық нарықтарды дамыту мәселесін талқылады

