Алматы қаласының Алмалы ауданында тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар басталмақ. Бұл туралы аудан әкімі Арман Шәмшин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Қазіргі таңда аудандағы инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары болып отыр. Атап айтқанда, жылу желілерінің тозуы – 62,1%, сумен жабдықтау жүйесі – 72,5%, су бұру – 79,2%, ал электр желілері 81%-ға дейін жеткен. Тек газ желілерінің жағдайы салыстырмалы түрде жақсы, олардың тозуы 10,7%-ды құрайды.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, инженерлік желілерді кешенді жаңарту көзделген. «Алматы жылу желілері» ЖШС 19 нысанда 8,8 шақырым жылу жүйесін қайта жаңғыртады. Ал «Алматы Су» МКК бес учаскеде жалпы ұзындығы 2,4 шақырым болатын су және кәріз желілерін жаңартпақ, оның ішінде 1,4 шақырымы су құбырына, 1 шақырымы кәрізге тиесілі.
Электрмен жабдықтау саласында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ 22 учаскеде 93,3 шақырым желіні жаңғыртуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «QazaqGaz Аймақ» АҚ тоғыз нысанда 17,1 шақырым газ желілерін жаңартады.
Бұл жобалар инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

