Алматы қаласының Әуезов ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағытта атқарылған жобалар тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.
Достық шағынауданында ұзындығы 15,7 шақырымды құрайтын су және кәріз желілерінің құрылысы толық аяқталды. Нәтижесінде 800-ге жуық үй орталықтандырылған жүйеге қосылып, шамамен 3,5 мың тұрғын тұрақты қызметке қол жеткізді. Таугүл шағынауданында қосымша 2 шақырым желінің құрылысы жалғасып жатыр. Бұған дейін осы аумақта 23,6 шақырым инженерлік коммуникация іске қосылған.
Жалпы алғанда, аталған жобалар 5,5 мыңға жуық тұрғынды орталықтандырылған инженерлік жүйемен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тозығы жеткен желілер орналасқан аумақтарда 29 шақырым инфрақұрылымды жаңарту бойынша үш жоба әзірленуде. Бұдан бөлек, 2,7 шақырым су және кәріз желісіне қайта жаңғырту жүргізу жоспарланған.
Сыртқы жарықтандыру жүйесі де жаңарып жатыр. Жыл басынан бері 6,3 шақырым кабель қалпына келтіріліп, 51 тірек орнатылып, 755 шам ауыстырылған. Жыл соңына дейін тағы 29 шақырым желі жаңартылып, 318 тірек пен 2745 жарық шамы орнатылады.
Бұл жұмыстар аудан инфрақұрылымының сенімділігін арттырып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

