Бүгін «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өңірімізде мыңдаған оқушы мен педагогты біріктірген ауқымды экологиялық бастама жүзеге асырылды.
Биылғы акция ерекше жоғары деңгейде өтті. Қарағанды облысы бойынша оған 11-сыныптың 8 758 түлегі қатысса, оның 3 530-ы — Қарағанды қаласының мектеп бітірушілері. Іс-шара барысында өңірде шамамен 350–400 ағаш отырғызылды, оның ішінде 140–150-ге жуығы облыс орталығында егілді.
Акцияның басты мақсаты — өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыру, экологиялық мәдениетті дамыту және туған өлкені көгалдандыруға үлес қосу. Қаладағы білім беру ұйымдары бастаманы белсенді қолдап, түлектер өмірлеріндегі маңызды кезеңді айшықтайтын «естелік ағаштарын» отырғызды.

Ерекше назар Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп базасында өткен акцияға ауды. Мұнда экологиялық дәстүр 30 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді және мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Оқу орны аумағында «Түлектер аллеясы» қалыптасып, соның арқасында мектеп айналасы шағын саябаққа ұқсас жасыл аймаққа айналған.
Биыл мектептің 78 түлегі 40-тан астам ағаш отырғызды, олардың қатарында шырша, қайың және жеміс ағаштары бар. Сонымен қатар аумаққа 50 түп қазтамақ гүлі егілді. Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» акциясы аясында мұнда тағы 1000-ға жуық гүл отырғызылып, этногүлзар жасау жоспарлануда.

Экологиялық бастама қаланың басқа да мектептерінде жалғасын тапты. Жалпы алғанда акцияға 3 500-ден астам оқушы қатысып, жастардың белсенділігі мен мұндай іс-шаралардың маңыздылығын көрсетті.
Осындай бастамалар тек экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жастардың табиғатқа ұқыпты қарауын қалыптастырып, жауапкершілік пен жасампаздық құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.

