Алматыдағы тау кластерін дамыту жобасы шағын және орта бизнеске тың мүмкіндік ашып, қаланы жыл бойы турист тартатын халықаралық орталыққа айналдыруы мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мақсат Қиқымов Almaty Super Ski жобасына арналған қоғамдық тыңдауда мәлімдеді. Оның айтуынша, бизнес қауымдастығы Алматы тау кластерін жүйелі түрде дамыту бастамасын толық қолдайды. Жоба тек туристік инфрақұрылым салумен шектелмей, заманауи сервистік экономиканы қалыптастыруға бағытталған.
«Алматы тау кластері – экономиканы дамытатын қуатты қозғаушы күш, жаңа жұмыс орындарының көзі және отандық шағын және орта бизнес үшін ұзақмерзімді драйвер», – деді ол.
Мақсат Қиқымовтың сөзінше, жоба экономикаға мультипликативті әсер беріп, бірнеше саланың дамуына серпін жасайды. Әсіресе, қонақүй, мейрамхана, сауда және қызмет көрсету нысандары қазақстандық өнімдерге тұрақты сұраныс қалыптастырады. Бұл фермерлік азық-түлік, жиһаз, тоқыма, құрылыс материалдары мен жергілікті өндіріс тауарларының дамуына жол ашады.
Бүгін біз Алматының алдағы ондаған жылдағы экономикалық болашағын айқындайтын маңызды жоба туралы айтып отырмыз. Almaty Super Ski – Алматыны Орталық Азиядағы ең ірі туристік, іскерлік және инвестициялық орталықтардың біріне айналдыруға бағытталған ауқымды стратегиялық бастама.
Жоба аясында салынатын нысандар қазақстандық өнімдерге тұрақты сұраныс қалыптастырады. Атап айтқанда, азық-түлік, жиһаз, тоқыма, құрылыс материалдары және жергілікті өндіріс тауарларын өндірушілер үшін жаңа мүмкіндік ашылады. Сонымен қатар жобаның әлеуметтік-экономикалық әсері де зор. Мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, ілеспе салалардағы жұмыспен қамту деңгейі артады. Салық түсімдері көбейіп, қалалық инфрақұрылым дамып, Алматының инвестициялық тартымдылығы күшейе түседі.
Бүгінде Алматының әлемдік деңгейдегі заманауи тау курортына әрі жыл он екі ай турист қабылдайтын халықаралық дестинацияға айналуға толық мүмкіндігі бар.
Қоғамдық тыңдау барысында кәсіпкерлермен өткен кездесулер де мысал ретінде айтылды. 2023 жылы Ақтау мен Атыраудағы мұнай сервисі саласының ірі компанияларымен кездесуде кәсіпкерлер Қазақстан экономикасының негізгі драйвері әлі де мұнай болып отырғанын атап өткен. Алайда мұнай өндірудің күрделене түсуі мен шығындардың артуы экономиканы әртараптандырудың маңызын көрсетіп отыр.
Осыған байланысты қазір креативті индустрия мен туризмді дамытуға басымдық беру қажет екені айтылды. Алматы еліміз экономикасының елеулі бөлігін қалыптастыратын мегаполис болғандықтан, қалаға халықаралық туристерді көптеп тартатын жаңа жобалар аса маңызды.
Бүгінде Алматыда 70-тен астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ертең бұл қонақүйлерге, мейрамханаларға және сервистік нысандарға тұрақты туристік ағын қажет болады. Сондықтан Almaty Super Ski секілді ірі жобалар кәсіпкерлерге табыс табуға, салық төлеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Спикердің айтуынша, бұл жоба – тек бүгінгі емес, болашақ ұрпақтың да игілігі үшін жасалып жатқан бастама. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру барысында қоғаммен және кәсіпкерлермен ашық байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру маңызды екені айтылды.
Жиында жобаның жетекшілерінің тәжірибесіне де тоқталды. Тау шаңғысы инфрақұрылымы мен туризм саласындағы тәжірибе мұндай күрделі жобаны іске асыруда маңызды рөл атқаратыны айтылды. Қазіргі технологиялардың дамуы мен заманауи инфрақұрылым мүмкіндіктері де жобаны жаңа деңгейде жүзеге асыруға жол ашпақ.
Спикер сөз соңында Almaty Super Ski жобасы Алматы тау кластерін дамытатын, кәсіпкерлікке серпін беретін және қаланың экономикалық әлеуетін күшейтетін маңызды бастама екенін атап өтті. «Бұл – мықты экономикаға, қуатты бизнеске және жаңа мүмкіндіктерге бастайтын жол», – деді Мақсат Қиқымов.

