Шымкент қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мыңдаған жас тұрғын мен қала қонақтарының басын қосқан «Бақытты балалық үшін» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті.
Орталық саябақта ұйымдастырылған мереке шығармашылықты, өнерді және отбасылық демалысты ұштастырған жарқын алаңға айналды.
Іс-шараға Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері және қала тұрғындары қатысты.
1500-ден астам жас өнерпаз өздерінің шығармашылық өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Қонақтарға арнап фотокөрмелер, сурет көрмелері, үрмелі аспаптар оркестрінің салтанатты шеруі мен домбырашылар оркестрінің концерті қамтылған мазмұнды мәдени-ойын-сауық бағдарлама дайындалды.
Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінді. «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» атты тақырыптық алаң аясында қонақтарға қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Қатысушылар ағаш және былғары бұйымдарын жасау, қыш құмыра шеберлігі, қуыршақтар мен көркем қолөнер туындыларын дайындау, сондай-ақ, ұлттық үстел ойындарымен танысты.
Айта кету керек, бұл іс-шара балаларға жарқын эмоция мен шабыт сыйлап, өз таланттарын көрсетуге мүмкіндік берген нағыз балалық шақ мерекесіне айналды.

