Еліміздің барлық өңірлерінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды

Еліміздің барлық өңірлерінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын жаңғырту аясында еліміздің 20 өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылып, өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда бұл басқармаларда 135 маман қызмет атқарады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа құрылымдардың негізгі міндеті – балаларға қатысты мәселелерге жедел ден қою, қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға нақты көмек көрсету және өңірлік қызметтердің жұмысын үйлестіру. Мұндай басқару жүйесі мәселелердің алдын алып, әрбір баланың құқықтары мен мүдделерін жергілікті жерде тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

Реформаның маңызды бағытының бірі – кадрлық әлеуетті күшейту. Заңнамада «5 мың балаға – бір маман» қағидатының бекітілуінің нәтижесінде жыл басынан бері қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны үш еседен астам өсіп, 303-тен 1029 маманға жетті. Сондай-ақ мамандар үшін бірыңғай жұмыс стандарттары мен кәсіби даярлау бағдарламалары енгізілуде. Бұл еліміздің барлық өңірінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.

Институционалдық өзгерістермен қатар қызметкерлердің бірыңғай келбетін қалыптастыруға да ерекше назар аударылды. 2026 жылғы 22 наурыздан бастап белгіленген үлгідегі қызметтік киім кию қағидалары күшіне енді. Арнайы киім мамандардың мәртебесін арттырып, көшпелі іс-шаралар барысында олардың қызметін тиімді жүзеге асыруына және азаматтардың сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Бұл бастама Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ