Әл-Фараби ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен сауда инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Әл-Фараби ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен сауда инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және заманауи қалалық орта қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстар жалғасып келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жобалардың қатарында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырылып жатқан бастамалар мен сауда инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары ерекше орын алады.

Аудан аумағында тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жобалары қолға алынған. Осы бағытта демеушілер мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 жаңа гүлзар салынды. Жаңа демалыс аймақтары Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі спорт мектебінің маңында, Әл-Фараби алаңында, Ә.Жангелдин көшесіндегі бірнеше тұрғын үй ауласында және ауданның басқа да нүктелерінде орналасқан. Бүгінде бұл орындар тұрғындардың сүйікті демалыс аймақтарының біріне айналып отыр.

Әл-Фараби ауданында тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2025 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 18 көпқабатты тұрғын үй қамтылған. Қазіргі уақытта олардың 9-ында жөндеу жұмыстары толық аяқталса, қалған 9 тұрғын үйде жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, реновация бағдарламасы аясында биыл 4 мекенжайда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Елшібек батыр көшесіндегі №91 және №93 үйлерде, Төле би көшесіндегі №37 үйде және Ж.Әлімқұлов көшесіндегі №34 үйде жаңарту жобалары іске асырылып жатыр. Бұл жұмыстар тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына заманауи әрі қауіпсіз баспаналар салуға бағытталған.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2029 жылға дейін 28 апатты және ескірген көпқабатты тұрғын үй бұзылып, нәтижесінде 235 меншік иесі жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Мұндай жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, қаланың сәулеттік келбетін де жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби ауданы қаланың ірі сауда орталықтары орналасқан маңызды аумақтардың бірі болып саналады. Сондықтан қазіргі таңда сауда инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға және тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.

Бүгінде «Орталық Қырғы» базарын жаңғырту жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Қазіргі уақытта мұнда ішкі әрлеу, шатыр орнату және бұрын заңсыз орналасқан сауда орындарының орнына жаңа павильондар салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Назым апа» базарындағы жаңғырту жұмыстары толық аяқталса, «Көктем» базарында сауда орындарын демонтаждау жұмыстары аяқталу кезеңіне жақындаған.

Аудан басшылығының мәліметінше, жаңғыртылған базарларда сауда орындарының бағасы қымбаттамайды. Бұл кәсіпкерлер үшін де, тұтынушылар үшін де маңызды шешім болып отыр. Сонымен бірге аудан аумағындағы заңсыз кәсіпкерлік нысандарын реттеу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. А.Байтұрсынов көшесіндегі «Гарант» дүкенінің алдында орналасқан заңсыз нысандарды бұзу жұмыстары басталып, қазіргі таңда 4 нысан толық сүрілген. Ал тағы 3 нысан бойынша сот процестері жалғасып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, Әл-Фараби ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізіндегі бастамалар мен сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ