Шымкентте Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамытуға арналған жаңа орталық ашылды

Шымкентте Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамытуға арналған жаңа орталық ашылды

Шымкент қаласында халықаралық экономикалық байланыстарды нығайтуға және кәсіпкерлік ортаны дамытуға бағытталған маңызды жоба іске қосылды. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Бір белдеу – бір жол» бизнес-орта қызметтерін дамыту жөніндегі Қытай орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа орталық Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру, ғылым, сараптамалық қызмет және іскерлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Орталықтың ашылу рәсіміне Қытай Халық Республикасындағы Солтүстік-Батыс саяси ғылымдар және құқық университетінің ғалымдары, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ өкілдері, кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері және жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Жаңа құрылымның негізгі мақсаты – екі мемлекет арасындағы экономикалық, құқықтық және ғылыми байланыстарды дамытуға қолайлы алаң қалыптастыру. Мамандардың пікірінше, мұндай орталықтардың құрылуы халықаралық серіктестікті күшейтіп қана қоймай, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Дархан Ахмед Заки өз сөзінде бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, орталық халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтумен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы кәсіпкерлік байланыстарды нығайтуға және экономикалық ықпалдастықты дамытуға бағытталған стратегиялық алаңға айналады.

Ректордың мәліметінше, бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам қытайлық компания жұмыс істейді. Сондықтан екі ел кәсіпкерлері арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдету және құқықтық мәселелер бойынша қолдау көрсету өзекті бағыттардың бірі саналады. Осыған байланысты университеттің «Заң» факультетінің мамандары орталық аясында қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлерге құқықтық кеңес беріп, құқықтық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізетін болады.

Кездесу барысында Солтүстік-Батыс саяси ғылымдар және құқық университетінің профессоры Ван Иң Иң жаңа орталықтың болашақтағы рөлі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, China Center ұзақ мерзімді халықаралық платформа ретінде қарастырылып отыр және алдағы уақытта Орталық Азиядағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жетекші өңірлік орталықтарының біріне айналуы көзделуде.

Орталық қызметі аясында қазақстандық және қытайлық компанияларға консультациялық көмек көрсету жоспарланған. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру, халықаралық форумдар өткізу, сараптамалық кездесулер ұйымдастыру және білім беру бағдарламаларын іске асыру жұмыстары жүргізіледі.

Жоба аясында академиялық ұтқырлықты дамытуға және кадрларды бірлесіп даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай орталықтардың ашылуы инвестициялық ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік байланыстарды кеңейтуге және халықаралық серіктестік мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе Шымкент секілді қарқынды дамып келе жатқан мегаполис үшін бұл бастаманың маңызы зор.

Сонымен қатар, жаңа жоба Шымкент пен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде гуманитарлық, ғылыми-білім беру және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін қалыптастырып, екі қала арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге жол ашады.

Мамандардың айтуынша, жаңа орталықтың ашылуы Шымкенттің халықаралық іскерлік байланыстар орталығы ретіндегі әлеуетін күшейтіп, өңір экономикасының дамуына қосымша серпін береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ