Шымкент қаласында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отандық сән индустриясын дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Солардың бірі – этно және авангард бағытында жұмыс істейтін дизайнер, кәсіпкер Нұржанат Досаева. Ол ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті өмірге бейімдеп, қазақы стильдің заманауи сән әлеміндегі орнын кеңейтуге күш салып келеді.
Жақында кәсіпкер «Қазақ брендтерін күнделікті өмірде қалай кию қажет?» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, этностильді қазіргі өмір салтымен үйлестірудің ерекшеліктері туралы тәжірибесімен бөлісті. Кездесуге кәсіби дизайнерлер, сән саласына қызығатын жастар, болашақ модельерлер мен ұлттық сәнге қызығушылық танытқан қыз-келіншектер қатысты.
Нұржанат Досаева бұл салада 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ал соңғы бес жыл ішінде қазақстандық брендтерді дамытуға және ұлттық киім мәдениетін жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отыр. Оның басты мақсаты – ұлттық элементтерді заманауи киім үлгілеріне енгізу арқылы қазақы стильді күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда ұлттық нақыштағы киімдерді тек мерекелік шараларда немесе сахналық образ ретінде қабылдау түсінігі біртіндеп өзгеріп келеді. Тұтынушылар арасында күнделікті қолдануға ыңғайлы әрі ерекше стильдегі киімдерге сұраныс артуда.
Ол Қазақстанға танымал дизайнерлермен бірлесіп жұмыс істеп, ұлттық сәннің жаңа бағыттарын дамытуға атсалысып келеді. Сонымен қатар, өзінің «Терра» атты креативті кеңістігін ашып, сән мен өнерді тоғыстырған ерекше алаң қалыптастырған. Бұл жерде сән көрсетілімдері, шығармашылық кездесулер мен түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Нұржанат Досаеваның сән үйі бүгінде Шымкент қаласындағы «Ұлы дала» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. Мұнда ұлттық стильді бағалайтын жандар үшін киімдермен қатар, ерекше аксессуарлар да ұсынылады. Кәсіпкер әшекей бұйымдарын жергілікті қолөнер шеберлеріне арнайы тапсырыспен жасатады. Осылайша ол тек өз кәсібін дамытып қана қоймай, шымкенттік шеберлердің де жұмысын қолдауға үлес қосып келеді.
Дизайнердің айтуынша, сапалы өнім шығару үшін материал таңдауға ерекше мән беріледі. Мысалы, сұранысқа ие табиғи зығыр маталардың жоғары сапалы түрлері Жапониядан алдырылып, кейін ұлттық ою-өрнектермен безендіріліп, ерекше стильдегі киімдер дайындалады. Мұндай өнімдер бүгінде тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген.
34 жастағы кәсіпкер әрі төрт баланың анасы Нұржанат Досаева өзінің топтамаларын ерекше стиль іздейтін әйелдерге арнайды. Оның пікірінше, әр адамның даралығы киім арқылы көрінуі тиіс. Сондықтан сән үйінде ұсынылатын өнімдер қайталанбас дизайнмен ерекшеленеді.
Шеберлік сағаты барысында қатысушылар киім үйлестіру, түстерді сәйкестендіру және ұлттық элементтерді қазіргі сәнмен ұштастыру жолдары туралы практикалық кеңестер алды. Сонымен қатар, қазақ ою-өрнектерінің мағынасы мен олардың ұлттық мәдениеттегі орны жөнінде пікір алмасты.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар тек сән индустриясын дамытуға ғана емес, қазақстандық брендтердің танымалдылығын арттыруға да ықпал етеді. Әсіресе жергілікті кәсіпкерлердің ұлттық құндылықтарды заманауи форматта ұсынуы ішкі нарықтағы отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Бүгінде Нұржанат Досаева сынды кәсіпкерлер ұлттық мәдени мұраны кәсіпкерлікпен ұштастырып, қазақы нақышты жаңа деңгейге көтеріп келеді. Бұл өз кезегінде отандық брендтердің дамуына және қазақстандық сән индустриясының қалыптасуына серпін беруде.

