Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселенің бірі – ұлттық пошта байланысы операторы «Қазпошта» АҚ қызметін салықтық реттеудің жекелеген аспектісі, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Компания өкілдері отырыс барысында қатысушыларды салық заңнамасының кейбір ережелерін іс жүзінде қолдануды, олардың кәсіпорынның қаржылық қызметіне әсері туралы хабардар етті. Сондай-ақ қолданыстағы реттеу тетігін одан әрі жетілдіруге арналған ұсыныстар қаралды.
Отырысқа қатысушылар Қазпоштаның әлеуметтік маңызы бар функцияларының тиянақты орындалуы мен халыққа әмбебап пошта қызметін көрсету мәселесін ерекше назарға алды.
Талқылау түйіні, «Қазпошта» АҚ Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде әмбебап пошта қызметін қаржыландыруды жетілдіру ісін пысықтауы қажет.


