Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасы басталды

Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасы басталды

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасының ресми басталуына қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Жобаның жалпы ұзындығы – 572 шақырым. Оның 335 шақырымы Ұлытау облысының аумағы арқылы өтеді. Республикалық маңызы бар жол құрылысының басталу рәсіміне «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы, ел үшін айрықша маңызы бар әрі көптен күткен жоба. Бүгін оның құрылысына ресми түрде бастау беріліп отыр. Жоспарға сәйкес жоба 2029 жылы аяқталуы тиіс. Дегенмен мердігер ұйымдармен келіссөздер жүргізіп, тиісті міндеттер жүктейміз. Негізгі мақсатымыз – құрылыс қарқынын жеделдетіп, жобаны мүмкіндігінше ертерек, яғни 2028 жылы аяқтау», — деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шара барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызына тоқталды.

«Бұл жол Астана мен еліміздің оңтүстік өңірлерін Ұлытау арқылы байланыстыратын маңызды көлік дәлізі. Сондықтан республикалық маңызы бар автожолды жаңғыртуды облыс тұрғындары ғана емес, күн сайын осы бағытта қатынайтын мыңдаған жүргізуші мен жолаушы көптен бері күтті. Қаржыландыру мәселесі шешіліп, жобаның нақты жүзеге аса бастауы – барша жұртшылық үшін қуанышты жаңалық. Осы маңызды бастаманың жүзеге асуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, Үкіметке, сондай-ақ жобаны іске асыруға атсалысып жатқан барлық азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді облыс әкімі.

Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін жақсартуға, сондай-ақ Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, елдің қазіргі халықаралық жағдайдағы міндеттері,...