Абай облысында бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты ресми басылымды табыстау рәсімі өтті. Маңызды жиынға өңір басшылығы, мәслихат пен қоғамдық кеңес өкілдері, құқық қорғау органдары, өңірлік департаменттер мен басқармалардың жетекшілері қатысты.
Облыс әкімі Берік Уәли жаңа Конституцияның қабылдануын елдің қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды кезең ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және өңірлердің орнықты дамуына ықпал етеді.
Жаңа Конституцияның бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдануы азаматтардың ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге тікелей қатысуының көрінісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның құқықтық негіз ғана емес, қоғамды ортақ мақсаттар төңірегінде біріктіретін басты құндылық екенін атап өткен болатын.
Ендігі маңызды міндеттердің бірі – Ата заңның негізгі ережелерін халыққа кеңінен түсіндіру. Осы мақсатта Конституцияның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі 25 мың данасы басылып, мемлекеттік органдарға жеткізіледі.
Соның ішінде 1146 дана Абай облысына бөлінді. Ресми басылымдар өңірдің аудандарына, білім беру ұйымдарына, кітапханалар мен кәсіподақтарға таратылды.
Рәсім барысында Мемлекет басшысының арнайы құттықтауымен жолданған Конституцияның ресми басылымы облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков пен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мейрамхат Айнабековке табысталды.

