Бобровкадағы жаңа спорт кешені тұрғындарға жыл бойы қызмет көрсетеді

Бобровкадағы жаңа спорт кешені тұрғындарға жыл бойы қызмет көрсетеді

Семей қаласының Бобровка кентінде тұрғындар үшін жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Заманауи нысан бұқаралық спортты қолжетімді етіп, балалар мен ересектердің жыл бойы тұрақты жаттығуына жағдай жасайды.

Екі қабатты кешеннің жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайды. Бір мезетте мұнда 70 адамға дейін спортпен шұғылдана алады. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол және футзалға арналған әмбебап зал орналасса, екінші қабат қазақша күрес, дзюдо, еркін және грек-рим күресіне бейімделген.

Кешеннің ашылуына қатысқан облыс әкімі Берік Уәли Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңірде бұқаралық және олимпиадалық спортты дамытуға басымдық берілгенін атап өтті. Бобровкадағы нысанның құрылысы былтыр басталған. Водный кентіндегі осындай кешен жыл басында пайдалануға берілсе, Мирный кентінде құрылыс жалғасуда.

Жалпы Абай облысында қазір 20 спорт нысаны салынып жатыр. Екпін және Ойшілік ауылдарында спорт модульдері ашылды. Бесқарағай, Жарма аудандары мен Курчатовта бассейндер, Аягөз, Үржар, Абай және Көкпекті аудандарында спорт модульдері бой көтеруде.

«Абайға құрмет» акциясы аясында да жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Семейде Жекпе-жек сарайы, стадион, дене шынықтыру-сауықтыру және инклюзивті спорт орталықтарын салу жоспарланған. Аягөз бен Үржарда да жаңа кешендер бой көтермек.

Мұндай нысандардың қаламен қатар елді мекендерде ашылуы спортқа қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Бобровкадағы кешен осы жұмыстың нақты нәтижесіне айналып, тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына және жас спортшылардың тұрақты жаттығуына қажетті орта қалыптастырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...